«Мың бала» дәстүрлі жобасы өз жеңімпаздарын марапаттады

Республикалық мәдени-ағартушылық сайыс жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».     

Мақсат - Қазақ жерінде тұрып жатқан сан алуан ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді құрметтеп, оны жетік меңгеруге деген құлшынысын арттыру. Оған мектеп жасына дейінгі және орта білім беру ошақтарындағы жас өрендер қатысты. Жалпы жоба басталғалы, 7 жыл ішінде 2 млн астам бала бағын сынапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келіп, шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Алина Бунина, қатысушы:

- Бунина тегім, атым Алинамын. Әкем Денис, Орыс баласымын. Қазағым байтақ, дархан еліндемін. Кереку қасиетті жеріндемін. Ұлтым орыс болғанымен, жаным қазақ. Ақталар маған артқан сенімдерің. Қазақ тілін бала-бақшадан қазірге дейін үйреніп келемін. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену әр азаматтың парызы деп ойлаймын.

Нұрхат Ораш, ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары:

- Әртүрлі өңірден келген 43 қатысушы, яғни, өз өңірлерінің жеңімпаздары осы іс-шараға қатысып жатыр. Бұлар 3 номинация бойынша келіп отыр. Оның ішінде: «Өнерлі өрге жүзер», одан соң поэзия жанрында өзге этнос өкілдері өлең оқитын болады, термесі бар, әні бар, күйі бар, биі бар.