Көкшетаудағы мектептер жылымай-ақ қойды

Аязға үлкендер шыдар, балалар қайтпек? Көкшетаудағы мектептер жылымай-ақ қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Тіпті болмағасын мұғалімдер кей сыныптардың есігін бекітіп тастаған.

Оқушылардың сабақта сырт киіммен отырғандығын ата-аналар әлеуметтік желіге жарыса жазып жатыр. Ал мектеп басшылары бұл деректі жоққа шығарып әлек.

Шаһарда жылуы мардымсыз бірнеше білім ордасы бар. Мәселен, қазіргі уақытта №1-інші мектептегі 4, №6-ыншы мектепте 8 кабинет салқын болғандықтан есігі уақытша жабылған. Ал ондағы оқушылар басқа сыныптарға ауыстырылыпты.  

Гүлнәр Әбдіқасымова №6 мектеп-лицейінің директоры:

- Күн суыған соң кабинеттік жүйеден бас тарттық. Қазір бір сынып бір кабинетте ғана отырады, ауысып жүрмейді. Мектептің ескі ғимаратына жөндеу қажет. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Келесі жылы қаржы бөлінеді деп үміттенеміз. 

Білім ошақтарының бірі ғимараттың ескіргендігін айтса, енді бірі жылу қысымының төмендігін алға тартуда. Ал қалалық білім бөлімі мұндай мәселелер бақылауда екендігін айтады.

Айнұр Мусина, Көкшетау қалалық білім бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

- Білім беру ұйымдарында температура төмендеп кетті. Алайда салқын кабинеттерде оқушылар білім алып жатқан жоқ. Олар қосымша сыныптарға ауыстырылды. Мектептердегі орташа температура 18-20 градус шамасында.

Бұдан бөлек, қаладағы біршене шағын аудан тұрғындары да жылудан таршылық көрген. Десе де, мәселе шешілді дейді сала мамандары.

Руслан Мәкішев, «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры:

- Юбилейный, Боровской шағын аудандарының тұрғындарынан шағымдар түсіп жатыр. Олар жылудың айналма нысандары болып есептеледі. Бірақ біз оны реттеп, қалыпқа келтірдік. Әлі де осы аумақтарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Мектептер мен балабақшалардағы температураны да қалыпқа келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде.

Мектептердегі ауа температурасының қашан қалыпқа келетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Мәселе шешілгенше дейін оқушылар жылы сынып іздеп, бой жылытуға мәжбүр.