Ақтауда ауыз судың қысымы белгіленген уақытта ғана көтерілетін болды

Ақтауда ауыз судың қысымы белгіленген уақытта ғана көтерілетін болды. Қала әкімдігі осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Энергокомбинаттан құбырмен келетін су енді таңғы сағат 07:00-09:00 және кешкі 19.00-21.00 аралығында жоғары қысыммен беріледі. Ал қалған уақытта сорғылар мен басқа технологиялық жабдықтарға жүк түспеуі үшін уақытша шектеледі. Жауаптылар әзірге мәселені шешудің ең оңтайлы жолы осы деп отыр. Қазір «Маэк» кәсіпорнындағы резервуарларға 40 мыңнан аса текше метр су жиналды. Алдағы күндері 80-90 мың текше метрге жеткен соң қалаға ыстық су беріледі. Осыдан екі күн бұрын орталық жылу жүйесінде апат болып, 6 шағын аудан жылусыз қалды. Жарылған құбырлар тез жөнделіп, аудандарға сол күні жылу берілді. Аймақ әкімі жауаптыларға сөгіс жарияланған кейін облыстық энергетика басқармасының басшысы өз еркімен жұмыстан кетті.

Мұрат Иғалиев, Энергокомбинат бас директорының бірінші орынбасары:

- Ауыз су бойынша әкімшілік осындай шешімді қабылдауда. Жылу бойынша маэк тарапынан ешқандай шектеу қойылған жоқ. Су құбырларын, жылу құбырларын ретке келтіру керек. Соның салдарынан қала маэктің беріп отырған жылуын толығымен пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан, кейбір үйлерде жылу бар, кей үйлерде жоқ. Онымен айналасатын қалада басқа компания. Маэк - тек өндіруші.