Атырауда полиэтилен шығаратын зауыт салынады

Атырауда полиэтилен шығаратын зауыт салынады. Атаулы жобаны бастау жөнінде «Қазмұнайгаздың» басқарма төрағасы Chevron Phillips басшысымен сәйкес келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді алдағы уақытта әлемдегі газ-химия кешенінің ең ірісі бізде болады.

Полиэтилен шығаратын кешеннің ең ірісі Қазақстанда салынады. MarTECH ADL технологиясымен жасалатын полиэтилен өнімдері тығыз әрі әлемде жоғары сұранысқа ие. Кәсіпорын іске қосылса жылына

625 мың тонна полиэтилен өндіріледі. Инвестор - Chevron Phillips. Ірі компания мен «Қазмұнайгаз» арасындағы келісімге қол қойылды.

Мағзұм  Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Шеврон Филипс бұл американдық компания. Бұлар полиэтилен жұмысының жобалау жұмыстарын бастайды. Сонымен қатар полиэтилен шығаратын технологиясын бізге береді. Мына зауыт ол Атырау облысында орналасқан еркін экономикалық аймақта орналасатын болады.

Жылына 625 мың тонна полиэтилен өндіруге мүмкіндік беретін тағы бір технология орнатылады. Келісім бар. Екі технологиялық жабдық жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен шығарады.

Мағзұм  Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Яғни бұл әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі болып салынады. Бұл өте қуантарлық оқиға. Сондықтан да американдық компаниямен жобалау жұмыстарына ертеңнен бастап кірісіп кетеміз.

Америкалық серіктестермен газ-химия саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың аясы одан әрі кеңейе бермек. Кездесу барысында тараптар өзара байланысты нығайту жолдарын пысықтады.