Ақтөбе облысында жаңа автовокзал салынып жатыр

Ақтөбе облысында өңір орталығы мен Қандыағаш қаласы арасында жолаушы тасымалдау мәселесі жуырда шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең бастысы, 90 шақырымды жоғары жылдамдықпен жүріп өтуді әдетке айналдырған такси көліктерінің саны азаймақ. Мақсатты іске асыру үшін Қандыағашта жаңа автовокзал салып, шағын автобустарды жолға шығару көзделіп отыр. Қазір ғимарат құрылысы аяқталуға жақын. Таяу уақытта жолаушылардың күту залы мен асхана және тағы бірнеше бөлме пайда болады. Сөйтіп, бірер айдан кейін Ақтөбе мен осы Мұғалжар ауданының орталығы арасында автобустар жүре бастамақ. Билет бағасы шамамен 600 теңге болады деп күтілуде. Қазір екі ортада әр адам үшін мың теңге белгілеген таксилер ғана қатынап жүр. Автовокзал салып, сыйымдылығы үлкен жолаушылар көлігін жолға шығаруды қала халқы сұраған.

Жандос Құлбаев, Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары:

- Мемлекет тарапынан енді субсидиясын қарайды ертең. Егерде субсидирование беріліп жатқан жағдайда маршруттарды көбейтіп, енді кемі жоқ дегенде 10-15 маршрут көбейту керек негізі. Пока енді 4-5 маршрутпен бастайды. Әрі қарай субсидия мәселесі шешілгеннен кейін маршрут тағы да қосымша толықтыратын болады.