Алматының бюджеті бекітілді

Өңдеуші өнеркәсіп Алматы экономикасының даму драйверіне айналып отыр.

Оның өсу қарқыны Қазақстан бойынша бірінші орынға шыққан. Осының арқасында мегаполис алдағы үш жылдық бюджетін бекітті. Қалалық бюджет 1 триллион 258 миллиард теңгеге жетті. Қаражаттың басым бөлігі шаһардың өз табысы. Бұл ақша мемлекет басшысының тапсырмасына сай басым бағыттарды жүзеге асыруға жұмсалады. Мәселе қалалық мәслихаттың сессиясында да талқыланды.

Ең алдымен Алматыны тұрғындар үшін жайлы ортаға айналдыруға басымдық берілді. Инженерлік инфрақұрылымдар мен жол-көлік жүйесі дамиды. Келесі жылы су құбырлары желісінің құрылысы бірден бірнеше ауданда жалғасады. Жылу желілері модернизацияланып, екі қазандық қайта қалпына келтіріледі. Автобус, троллейбус парктері де жаңарады.        

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Метрополитен желісін батыс бағытқа қарай салу жалғасады. Оған 12,1 млрд теңге көзделеді. Бұл 2024 жылы қаланың батыс бөлігіндегі 50 мыңнан астам тұрғын үшін қосымша көлік байланысын қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей Алматы әкімдігі адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қала бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Алдағы 3 жылда «1000 мектеп» жобасы аясында Алматыда 36 орта білім беру мекемесі салынады. Тағы 22-сі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында пайдалануға беріледі. Тұрақты экономикалық өсімді ұдайы қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлінеді.  

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Негізгі екпін өңдеу өнеркәсібін, туризмді, Ай-Ти сектор мен креативті индустрияны дамытуға бағытталған болатын. Алматы индустриалды аймағының екінші кезеңін дамыту үшін аумақ тағы 189 гектарға кеңейту жоспарланған. Бұл ұсынысты мемлекет басшысы мақұлдады. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылым бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 

Сонымен қатар алдағы жылы денсаулық саласын, инклюзивті орта мен спортты дамытуға қомақты қаржы қарастырылған. Мегаполисті цифрландыру мен жастардың жобалары да назардан тыс қалмайды. 

Ұлан Нарынбек