Кіші Арал теңізін сақтап қалуға арналған ауқымды жоба басталады

Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға арналған ауқымды жобаның екінші кезеңі келесі жылы басталуы тиіс. Алайда  17 жылдан бері бұл бастамаға қатысты түрлі ұсыныстар айтылғанмен, тиімді түйіні табылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теңіз тіршілігін жандандыра түсу тетіктері облыстық қоғамдық кеңесте де талқыланды. Мамандар мен сарапшылар, қоғам белсенділері жобаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, тиісті ұсыныстар жергілікті әкімдікке жолданды.

Мамандардың мақсаты бір. Кіші Арал теңізінің деңгейін көтеру, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. Бірақ ұсыныстары әртүрлі. Бірі Қамбаш көлінен Кіші аралға су жеткізетін арна қазу керек десе. Енді бірі басқа жолын ұсынады.

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы басшысының орынбасары:

- Екінші нұсқа біз мынау Тұщыбас көлінен әрі қарай Саршығанақ каналы арқылы қайтадан Сарышығанақ бұғазына суды апару мәселесі. Бұл да өзі қазу мәселесі, келешекте құммен жүргеннен кейін қайта көміліп қалады деген мәселе қозғалып жатыр.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері құны 120 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаның екі нұсқасын да електен өткізген. Сөйтіп, құжаттың үшінші нұсқасын ұсынды. Онда Аманөткел елді мекені тұсынан «Мырзаш» су реттегішін салу қарастырылған.

Сұлтанбек Тәуіпбаев, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі:

- Кіші Арал бір деңгейлі болса, Көкарал бөгетін қайтадан қалпына келтіріп көтеріп, жөнедлсе, суды Қамбаштан төменгі жерден Ақлақ жағынан канал тартып осы Кіші Аралға құйылса деңгейі 46 метр деңгейге дейін көтеруге жұмыс жасалса деген ұсынысқа тоқталып келістік.

Кешенді бағдарламада «Барсакелмес» қорығы аумағынан Сафари парк құру, Қамбаш көлінен аквапарк салу секілді жобалар да бар. Бірақ бұл тетіктер әлі де пысықталатын болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев