Елімізге Амур жолбарысы жеткізілді

Қарағандыдағы зообаққа Алматыдан Амур жолбарысы жеткізілді.

Әріптестері қызыл кітапқа енген, өте сирек кездесетін бағалы аңды мекеменің 85 жылдық мерейтойына сыйлады. Лат есімді 3 жасар жолбарыс ұзақ жолды жақсы көтерген. Жаңа торға тез үйреніп, жылдам жерсінген. Енді оны ақпан айында 4 жасар Мия есімді аналықтың қасына қосады. Осылайша мамандар тұқым алмақшы. Лат 17 жастағы әбден қартайған Батыр есімді жолбарыстың орнын басады. Енді келесі жылы мұнда жыртқыштарға арнап үлкен вальер салу жоспарланып отыр, қажетті қаржысы бөлінген. Жалпы қазір Қарағандыдағы зообақта жан-жануардың 181 түрі бар. Шамамен 870 аң-құс мекендейді. Олардың 80 проценті Қызыл кітапқа енген.

Ербол Байжанов, хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері:

- Қазіргі таңда хайуанаттар бағында 7-ақ бас бар. Ол Алматыда 2 бас, бізде 3 бас, сосын Шымкент хайуанаттар бағында 2 бас. Сондықтан да ойлаймыз бұл экзотикалық ерекше аң болашақта біздің келетін көрермендерге, келетін қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлайды деген ойдамыз.