Түркістан облысының Төлеби ауданында қолдан түрлі ыдыс-аяқ жасайтын ағаш шебер тұрады

Он саусағынан өнер тамған ұста ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды бұрын қолмен жасап келсе, енді арнайы станок сатып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қажетті шикізаттың бәрін ауыл тұрғындарынан сатып алатынын айтады. Ағаш шеберінің жұмысымен осы өңірдегі тілшіміз танысып қайтты. 

Нұрсұлтан Пернесейіт қонаққа ет тартатын астаулар, бас табақ, қымыз құятын саптыаяқ, тостаған және ыдыс-аяқ жиһаздардың түр-түрін жасайды. Бұл өнер оған атасынан дарыпты. Мамандығы басқа болғанымен одан саналы түрде бас тартып, өзінің сүйікті кәсібін қолға алған. Бұрын осының бәрін қолмен оятын жас жігіт, жақында мемлекеттік грант ұтып алып, ағаш жонатын қондырғы сатып алған. Қазір үйінен шағын шеберхана ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.

Нұрсұлтан Пернесейітов, шебер:

- Мұны бірінші біз компьютерлік бағдарлама арқылы оюларын сызып аламыз. Одан кейін плешкаға салып, аппаратқа қосамыз. Ары қарай өзі жұмысын істей береді. Әр оюды ойғанда қарап оытрамыз пышақтарын ауысытырып, 1 астау 1,5-2 сағаттың ішінде жасалады. Жаңғақ ағашынан жасалады, оны біз ауыл тұрғындарынан сатып аламыз. Ағашты кесіп жатқанда отын болып кетпесін деп алып, қазақы бұйымдарды елге ұсынамыз.

Шебер ыдыс-аяқ бұйымдары тек жаңғақ ағашынан жасалатынын айтады. Себебі ағаштың бұл түрі өте берік, төзімді келеді. Басқа ағаштар сияқты тез жарылмайды. Алдымен көлеңке жерге 1 жыл бойы кептіріп, содан кейін ғана бұйым жасалады. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқты әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Табиғи таза өнімге сұраныс көп екенін айтады. Нұрсұлтанның ендігі арманы - ұлттық нақыштағы бояуы қанық дүниелерді жасап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жалпы биыл Төлеби ауданында 173 адам мемлекеттік қолдауға ие болып, өз кәсібін ашқан. 

Әлімхан Жамалбеков, аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Қазіргі таңда кәсіптерін ашып, жұмыстарын жасап жатыр. Оның ішінде омата шаруашылығы, дәнекерлеушілер, кондитерлік, тігін шеберханасын ашқандар бар. Мал шаруашылығы бар.  Әртүрлі сала бойынша жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар, мүгедектігі бар кісілер, оларға қараушылар, аз қамтылған отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар деген сияқты осы санаттағы азаматтарға грант берілді. 

Қазір кәсіптің көзін тапқандар ауылды жерде де көп. Өткен жылы ауданда 149 азамат мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін ашқан. Қазір тіршілігін тіктеп, шаруашын жүргізіп отыр. Биыл Түркістан облысында өз жобасын ұсынып, кәсіпкерлікті дамытамын деген 3 мыңға жуық азамат қайтарымсыз гарнтқа ие болды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов