Түркістандағы жерасты өткелінің құрылысы қашан аяқталады?

«Батыс Еуропа- Батыс Қытай» күрежолының Түлкібас ауданында салынып жатқан 840 метрлік жерасты өткелі осыдан 3 жыл бұрын тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастапқыда мердігер өткелдің төбесі опырылып, содан кешігіп жатырмыз деген. Ал қазір жобаны аяқтауға не кедергі екенін ешкім ашып айтпайды. Халықаралық дәлізбен жүретін көліктер әлі күнге Шақпақ баба ауылының ішінен өтеді.

Дінмұхаммед Омар, оқушы:

- Жас балдар көп бұл жерде, ойнап шығып кетеді. Одан кейін жол апаты көп болады бұл жерде. Кешке кішкентай сыныптар оқиды. Жетіден кейін келеді олар тем более. Қараңғы батып қалған кезде келеді. Сол қауіпті кішкене.

Ауыл тұрғындары баланың қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан мектепке өздері апарып, әкелуге мәжбүр. Ал көлік қаққан малды ешкім есепке де алып жатқан жоқ дейді. Мердігердің жұмысы да мардымсыз деп налиды.

Сабырбек Манабаев, Шақпақ баба ауылының тұрғыны:

- Алдында Ирандар істеді. Олар банкрот болды деді кетті. Ал мына әзірбайжандар 20 адаммен ақ жұмыс істейді. Бұл 20 адаммен тірлік бітпейді. Менің шамамда 2-3 жылсыз бітпейді. Мынау көшеміз жабылып өте алмай қаламыз.

Құрылыстың қарқыны басылып, мерзімінен кешігіп жатқанын жауапты комитет өкілдері де жақсы біледі. Жоба неліктен бітпей жатқанын да түсіндірді. Яғни тендерді ұтып алған ирандық компания Америка тарапынан санкциялар көбейіп кетуіне байланысты банкротқа ұшырап, жұмысты соңына дейін жеткізбей кетіп қалған. Бұдан кейін қайта ойнатылған тендерді әзербайжандық компания жеңіп алған.

Жандос Егембаев, Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Бұл компания 2018 жылы бастады. Шарт бойынша негізі 2021 жылы берілуі керек еді. Алайда мынау халықаралық ковид пандемиясына байланысты көп заттар мынау тоннельдің ішіндегі шетелден келетіндіктен, сәл кідіріс болды. Енді қазір 2023 жылдың соңында берілетін болады.

Жауаптылардың айтуынша,  құрылыс пандемия кезінде тұралап қалған. Әзірбайжандық компания да соған байланысты қажетті құрал-жабдықтарын дер кезінде жеткізе алмапты. Қазір жерасты өткелінің бір бағыты толықтай ашылып, екінші бағытын ашуға отыз метр қалыпты. Келер жылы мұнда ауа алмасу, өрт сөндіру құрылғыларын орнату жұмыстары жалғаспақ. Ал қашан толық аяқталатынын уақыт көрсетеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов