Шалғайда жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемақы төленуі мүмкін

Медицина саласының дамуы кенжелеп қалған облыстардағы дәрігерлерге үстемақы төленуі мүмкін.

Денсаулық министрлігі шалғай ауылдардағы маман тапшылығын осылай шешпек. Бұл туралы Ұлытау облысына жасаған сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Ведомство басшысы жаңадан құрылған облыстағы медицина мекемелерінің жұмысымен танысып, сала мамандарымен кездесті.

Бұл Сәтбаев қаласындағы орталық аурухана. 5 жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары әлі сағызша созылып келеді. Министрдің сапары дәл осы жерден басталды. Айналдырған 4 қабатты шағын ғимараттың жөндеуі неге осыншалық ұзаққа созылғанын сұрап білді. Пандемия салдарынан сырттан келетін құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін айтқан мердігерлер жұмыс толығымен келер жылы аяқталады дейді. 70 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарда бұдан бөлек мемлекеттік емхана қызмет көрсетіп тұр. Оның да жағдайы керемет деп айтуға келмейді. Білікті дәрігерлер тапшы.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Келесі жылдың өзінде облысқа 60-тай маман оқу бітіріп, диплом алып келуін жоспарлап отырмыз. Осы басты міндет әкімшіліктің келген мамандарды тұрақтандырып оларға әлеуметтік жағдай жасап алып қалу болып табылады. 

Жезқазғандағы көпбейінді аурухана биылдан бастап облыстық статус алды. Мұнда да 30 дәрігер тапшы. Жалпы облысты жоғары медицина мамандарымен толық қамту үшін 55 дәрігер қажет. Жекелеген бағдарламалар бойынша өңірге келген жас мамандар 3-4 жылдан артық тұрақтамайтын көрінеді. Сондықтан министрлік оны шешу үшін оларға жергілікті әкімдіктермен бірлесіп қолдау шараларын күшейтпек.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Шалғай тұрған облыс болғандықтан қазір осы келген мамандарға подемный дейді, қосымша жәрдемақы, еңбекақы жөнінде мәселе көтеріп жатырмыз. Келген мамандарға, жас маман болсын, еліме қайтам, қызмет жасаймын деген осы елдің дәрігерлері болсын әкімшілік жағынан да, министрлік жағынан да осы жәрдемақыны көтеріп, дәрігерлердің орнығып кетуіне көмектесуді алға қойып отырмыз мақсат етіп. Соны шешеміз.

Өңірдегі медицина саласын дамыту облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына да енгізілген. Алдағы 2-3 жылдың көлемінде облысқа қарасты екі ауданда 20-дан астам денсаулық сақтау нысаны салынатын болады. Министр жұмыс сапары барысында сонымен қатар облыс тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев