Түркістан облысында жылыжай кешенінен 900 тонна көкөніс жиналды

Түркістан облысында жаңа технологиямен салынған жылыжай кешенінде 900 тонна көкөніс жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар келер жылы 4 гектар алқаптан бұдан да көп өнім алуға болатынын айтады. Себебі, қияр мен қызанақтың түрі әлі сұрыпталып жатыр. Жылыжай кешенін заманауи құрылғылармен жабдықтауға Аграрлық несие корпорациясы көмектескен.

Түрік технологиясымен салынған жылыжай кешені толықтай автоматтандырылған. Инженер, агроном мамандар төрт гектар алқапты алты секторға бөліп, компьютерлік бағдарлама арқылы басқарады.

Шаруашылықта қияр мен қызанақ өсіріледі. 45 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Ал жиын – терім науқанында еңбеккерлер саны екі есе көбейеді. Мамандар жылыжайдың әр гектарынан 400 тоннаға дейін өнім алуға болатынын айтады. Ал биыл көкөніс дақылының бейімделу кезеңінде жалпы 900 тонна өнім жиналды.

Азамат Қошымов, "IGM CORPORATION" ЖШС директоры:

- Ақылды жылыжайдың тиімділігі өте көп. Себебі өсімдіктерге ыңғайлы ауа-райын сақтап, оларға ыңғайлы уақытта су беріледі. Сырттағы ауамен алмасуды да компьютер ыңғайлы қылып жасап береді. Соның арқасында мұның тиімділігі алып жатқан өнімімізде. Жәй жылыжайға қарағанда екі есе болады.

Өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға 250 млн теңге қаржы жұмсалды. Ал жаңа технологиямен жабдықтауға Аграрлық несие корпорациясы көмектесті.

Азат Мүйтембаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:

- Аграрлық несие корпорациясы бүгінгі таңда үш несие өнімі жұмыс істеп жатыр. Ол «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламасы. Кез келген ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы бизнесті дамытамын деуші азаматтар қатыса алады.

Биыл Аграрлық несие корпорациясы Түркістан облысы бойынша 15 млрд теңгеге 800-ден астам жобаны қаржыландырды.