Ақтөбеде Ұлыбританияның Хериот-Уатт университеті ашылады

Ақтөбе облысында жастардың тың идеясын іске асыруға жағдай жасалады. Сондай-ақ, кәсіппен айналысып, білім алуына да қолдау көрсетіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында айтылды.

Өскелең ұрпақ үшін жағымды жаңалықтардың қатарында келер жылы Ақтөбеде ашылатын Ұлыбританияның Хериот-Уатт университеті де бар.

Нұрсұлтан Қалдыбай өз ісімен көпке үлгі көрсетіп жүрген жастардың бірі. Бүгінде оның шағын жылыжайында өсірілген көк жуа қала тұрғындарының сұранысын қамтуға зор үлес қосуда. Ешқандай қолдаусыз, көмексіз-ақ кәсіп бастаған ол енді бизнесін кеңейтпек ойда. Себебі, сұраныс артып барады. Әрі оңтүстіктегі көрші елдерден жеткен өнімге қарағанда жергілікті жуаның сапасы жоғары.

Нұрсұлтан Қалдыбай, кәсіпкер:

- Бүгін таңертең жылыжайда кесілген жуа дүкендер арқылы кешке қарай немесе келесі күні қала тұрғындарының ас үйінен табылады. Жалпы 240 квадраты іске берілген. Қосымша екінші фундаментіміз құюлы тұр. Оны қосқаннан кейін гипермаркеттерге шығамыз деген ойымыз бар.

Жастар ісі жөніндегі кеңес 2015 жылы құрылып, өскелең ұрпақ өкілдеріне қатысты мәселелерді шешумен келеді. Биыл өңірде осы санаттағы азаматтарды жеңілдетілген баспанамен қамту бағдарламасы іске аса бастады. Енді алдағы уақытта IT мамандары үшін технопарк, 5 креативті орталық және білім саласында тың жоба жүзеге асады. Сондай-ақ, техника мамандарын дайындайтын британдық университет те ашылмақ.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- 20 жоғарғы білімді университеттердің қатарына кіреді. Жаңа жылдан бастап соның дайындығына кірісуіміз керек. Орта және шағын бизнеске байланысты жастармен біраз жұмыс жасап жатырмыз. Бизнестің даму деңгейі 19% өсіп отыр жастардың. Тұрақты мемлекетті дамытайын дейтін болсақ, орта және шағын бизнесіміз болашақта мықты болу керек.

Шара барысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Облыстық жастар сыйлығы байқауының» жеңімпаздары марапатталды. Ал бүгінде облыс бойынша 18 бен 35 жас аралығындағы 285 мыңнан астам жас бар.