Елімізде сұлулық салондарының қызметі 17%-ке қымбаттады

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлап отыр. Баға рейтингінде Алматы шаһары көш бастап тұр екен. Жыл басынан бері отандық салондар 24 миллиард теңге табыс тапқан көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағаның шарықтауына не себеп?

Динара Жандалиева – сұлулық салондарының тұрақты клиенті. Жұмыс бабына байланысты ол өзін үнемі күтіп ұстайды. Оның айтуынша, соңғы уақытта барлық процедураның құны айтарлықтай өсті. Бірақ әзірге Динара сұлулық салонына барудан бас тарта алмайды.

Динара Жандалиева, қала тұрғыны:

- Осыдан бірер жыл бұрын мен сұлулық салонында айына 20-30 мың теңге қалдыратынмын. Қазір бұл сома екі есеге ұлғайып отыр. Кейде маған салонға бір айда бірнеше рет келуге тура келеді. Маникюрға кемінде 15 мың берсем, бет әрлеуге 10-15 мың теңге төлеймін.

Салон иелерінің айтуынша баға шарықтауына мамандардың қызметі емес, шетелдік материалдардың шамамен 50 процентке қымбаттауы әсер етті. Көбіне бұл заттар көрші Ресей елінен әкелінеді.

Әйгерім Боранбай, сұлулық салонының иесі:

- Шаш бояулары екі есе қымбаттады. Соған байланысты біз де бағаларымызды көтердік. Қалыптасқан жағдайды клиенттерімізге түсіндіріп бердік. Олар наразылық білдірген жоқ. Өйткені қазір бәрі қымбаттап жатыр. Жұрт түсіністікпен қарайды.

Бағаның көтерілуіне сұлулық салондарының азайғаны да өз әсерін тигізді. Коронавирус пандемиясы кезінде олардың 20 проценті жабылып қалды. Салада жүрген маман саны да азайды.

Махмұджан Тұрсын, ҚР Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті:

- 2 жылға созылған пандемия біздің индустрияға кері ықпалын тигізді. Көп салон сол уақытта мүлдем табыссыз қалып, жабылуға мәжбүр болды. Жаңалары ашылды деп айтуға келмейді. Қажетті материалдар қымбаттап жатқандықтан, бәсекелестікке шыдамай, қызмет көрсету саласын ауыстырып кеткендер бар.

Сұлулық индустриясы қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, баға өсімі клиенттердің төлем қабілеттілігіне ықпал етті. Бұған дейін салонға айына екі рет келетіндер, қазір 40-45 күнде бір баратын көрінеді. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Диас Қобыланбаев