Алматыда полицияның сервистік орталықтары ашылады

Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Полиция департаментінде қоғам белсенділерімен сервистік орталықтарды ашу бойынша жобаны талқылады. 

Жалпы қалада бұған дейін фронт-кеңселер ашылғаны белгілі. Алайда олар полицияның қабылдау бөлімдері мен анықтамалық бюроларға айналды. Онда адамдардың нақты проблемалары шешілмеуі мүмкін. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу бойынша ведомствоаралық топтар құрылады. Оған мемлекеттік органдардың, полиция, прокуратура, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Сондай-ақ әртүрлі аудиторияға полиция қызметін көрсетудің үш деңгейлі моделін құру ұсынылады. Біріншісі – жолаушылар немесе өткінші адамдар. Олар үшін қоғамдық орындарда модульдік бекеттер жұмыс істейді. Екіншісі учаскелік полиция пункттеріне жүгінетін аудан тұрғындары. Үшіншісі – әкімшілік және қылмыстық істер бойынша шешімдермен келіспеген адамдар, құқық бұзушылар, қызмет алушылар. Бұл жүйе полицейлердің тұрғындармен тікелей өзара іс-қимылы есебінен қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді,-дейді мамандар.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Мемлекет басшысы жүктеген міндет – ХХІ ғасырдағы адамға бағдарланған полиция. Оның өлшемі халықтың сенімі. Халық сенген кезде тығыз байланыста болады, сонда ол полиция жұмысының тиімділігін көре алады. Жалпы жобаны біз  «сервистік модель» деп айтамыз. Бүгінгі міндет-жылдам әрі сапалы қызмет  көрсету.