Өскеменде әлеуметтік қызметкерлердің саны артады

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге үй жағдайында көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің саны артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалада әлеуметтік көмек орталығы ашылады. Осылайша, маман тапшылығы жойылып, қызмет көрсету сапасы жақсарады. Бүгінде шаһардағы бір әлеуметтік қызметкердің қамқорлығында 10 тұрғын бар.

Әлеуметтік қызметкерлердің дені – әйелдер. Олар қысы-жазы зейнеткерлер мен мүгедектерге барынша көмек көрсетіп келеді. От та жағады, көмір де тасиды. Қажет болса, ауланың қарын да тазалап береді. Сол жандардың бірі – Гүлнар Сейітқазина. Оның қамқорлығында көмекке зәру 11 азамат бар.

Мария Стародубцева, зейнеткер:

- Туыстарым жоқ. Жалғызбын. Әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінуден басқа амалым жоқ.

Гүлнар Сейітқазина, әлеуметтік қызметкер:

- Өз үйінде тұратын адамдарға да көмек көрсетеміз. Жұмысы кішкене қиынырақ болады. Шамамыз келгенше қарттарға көмек көрсетуге тырысамыз. Жалғысырамасын, қиын болмасын ол кісілерге.

Арнайы мамандар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне аптасыне кем дегенде екі рет келеді. Соңғы кездері әлеуметтік қорғау бөліміне түсетін өтініштер көбейе түскен. Әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жүктемесінің артуына шағымданбайды. Себебі, әр адамға бауыр басып қалған.

Десе де, саладағы мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, қызметкерлердің жалақысы 25%-ке өсті. Ал алдағы уақытта облыс орталығында әлеуметтік көмек орталығы ашылмақ. Осылайша, мамандардың нормадан артық жұмыс жүктемесі төмендемек.

Гүлмира Джембаева, «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығының бөлім меңгерушісі:

- Әлеуметтік қызметкерлердің жүктемесі ауыр. Келесі жылы мекемеміздегі жұмыскерлердің санын 110-ға жеткізбекпіз. Яғни, тағы бір бөлімше пайда болады. Осылайша, артық жүктеме мәселесі шешіледі.

Бүгінде үйлерінен шыға алмайтын  мыңға жуық өскемендік көмекке зәру. Сондықтан келесі жылы қажетті әлеуметтік қызметке бөлінетін қаржы 400 млн. теңгеге артпақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханов, Вячеслв Ветлугин және Дмитрий Пыхтин