Түркістан облысында қосалқы станция бес жылдан бері іске қосылмай тұр

Түркістан облысы  Түлкібас ауданында қосалқы станция бес жылдан бері іске қосылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алып нысанды  салуға қазынадан жарты миллиард теңге қаржы жұмсалды.  Бірақ күзететін жан болмағасын, қымбат құрылғыларды тонап жатыр. 

Абайыл ауылының маңындағы қосалқы станса құрылысына бюджеттен  552 миллион теңге бөлінген. Мердігерлер бұл қаражатқа электр қуатын тарататын қондырғылар орнатып, инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын  жүргізіп қойған. Бірақ шағын станса құрылғылары қолды болды.

Тамақ өнеркәсібін қолдауға бағытталған жоба аяқсыз қалды. Яғни мына электр станса жоспар бойынша ондаған кәсіпкерлік нысанын жарықпен қамтуы тиіс болған. Ал іс жүзінде трансформаторлар тоналып, жоғары кернеулі желілер ұстағанның қолында кетті.

Индустралды аймақ құруға 30 гектар жер телімі белгіленген. Бұл жобаға инвесторлар да ерекше қызығушылық білдірген еді. Олар түрлі бизнес идеяларын ұсынып, кәсіпорын салуға ерекше ықылас танытыпты. Сәйкесінше ауыл тұрғындары үшін бос жұмыс орындары ашылуы керек еді.

Тобай Әділбаев, Абайыл ауылының тұрғыны:

- Үміттері ақталмады. Істейді деген жұмыс, кәсіпорын ашады деген сөздің бәрі бос сөз болып қалды ғой. Көзбояу қылып бастаған шығар. Кім беледі оны!? Бірақ жарты ортада қалғанына адам кәдімгідей налиды ғой.

Дәулет Қырықбаев, Абайыл ауылының тұрғыны:

- Ұрлады деген сөз болды. Кейін ұсталыпты деді. Ұсталған жоқ па екен!? Әйтеуір біреу сол күйі жоқ болып кетті деді. Кейін жабылып қалыпты, салмайтын болды деді.

Полицейлер нысанның тоналуына қатысты қылмыстық  іс қозғап, кейін қайта жаба салған. Өйткені сезіктілер табылмады,-дейді. 2017 жылы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының тапсырысымен салынған нысан тоналғаннан кейін аудан теңгеріміне өткізілген. Қазір аудандық билік өкілдері электр стансасына келтірілген залал көлемін есептеп жатыр.

Ұлас Әлімбаев, Түлкібас аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Осы жерде жаңадан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, дефект  АКТ әзірлеп қазіргі таңда оны қайтадан құрылымдау үшін 39 миллион теңгеге облыстық энергетика басқармасына өтініш хат жазып қойдық. Түлкібас аудандық әкімдігі тарапынан.

Алдағы уақытта шағын станса толық қалпына келтірілсе индустриалды аймаққа кәсіпкерлерді тарту ісі қайта қолға алынады.  Бірақ бұл жолы агроөнеркәсіптік кешен ретінде құралады. Әзірге екі ірі жобаны жүзеге асыру ісі қолдау тауып отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы