Оралда құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Оралда құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, мереке күні оқыс оқиғалар мен тәртіпбұзушылық деректері көбеюі мүмкін. Бұл тұста сала қызметкерлерінің кейбірі жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады.

Бүгін өртке қарсы қызметтің жедел басқару орталығына қоңырау жиі түсіп жатыр. Бұл – төтеншеліктер үшін үйреншікті жағдай. Олар сол себептен де алдын ала тас-түйін дайын отыр. Байланыс орталығына жауапты Асхат Қыдыров жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады. Азаматтық қорғаныс – қалғып кетуді қаламайтын шаруа. «Қайткенде де уақытпен санаспай еңбек етуге тура келеді» дейді ол.

Асхат Қыдыров, БҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі жедел басқару орталығының бастығы:

- Жаңа жыл күнін біз, иә, жұмыста қарсылаймыз. Горизонт бойынша шамамен 160-170 адам төңірегінде түседі және 50-60 техника жұмылдырылады осы күнге. 19 жылдан бері қызмет етіп келе жатқаннан кейін бұл бізге үйреншікті жағдай.

Кейіпкеріміздің отбасы мен туыстары оның жұмыс тәртібіне әбден үйренген. Сәйкесінше түсіністік танытып, әрдайым қолдау көрсетіп тұрады екен. Асхат Қыдыров бейнебайланыс арқылы оларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Тәртіп сақшылары да күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Соның ішінде жедел тергеу топтарына жүктелген міндет ауыр.

Аға криминалист Қолғанат Аққұнанов бүгін де жедел топпен бірге қылмыстық істерге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Айтуынша, тәулігіне он шақты шақырту түседі екен. Өз тәжірибесінде ұрлық пен алаяқтық деректері көп кездескен. Жаңа жыл мерекесінде ол тәуліктік кезекшілікке түсіп отыр.

Қолғанат Аққұнанов, қалалық Полиция басқармасының аға криминалисті:

- Ішкі істер органдарында көбіне мейрамдарда бәріміз жұмыста боламыз. Туысқандарым үйренді мейрамдарда мен жұмыста болатыныма. План, ештеңе құрған жоқпыз.

Темірдей тәртіп жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алуға тосқауыл болып тұр. Әйткенмен онлайн тойлауға ешкім бөгет бола алмайды.

Күшейтілген жұмыс режимі 4 қаңтарға дейін жалғасады. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға полиция қызметкерлерімен қатар, ұлттық гвардия жауынгерлері де жұмылдырылған.