ШҚО-да арбаға таңылған азамат бүтін бір ауылды еңбегімен тәнті етіп отыр

Шығыс Қазақстан облысындағы Қаратал ауылында арбаға таңылған азамат бүтін бір ауылды, қала берді ауданды еңбегімен тәнті етіп отыр. Осыдан он жыл бұрын жол апатына түскен Руслан Қайрақов қайратты мінезінің арқасында темірден түйін түйіп, түрлі бұйымдар жасайды.

«Қол қусырып бос отыра алмайтын қасиетімнен болар, тіпті осылай мүгедек болып қалғанымды да қатты сезінген жоқпын»- дейді ол. Басты қағидасы енжарлыққа салынбау. 

Русланның шеберханасы қайнаған тірлік ортасы.Тот басып, әбден тозып келген темірлер бұл жерден оюлана иіліп, көрсең көз тоятын затқа айналып шыға келеді.10 жыл бұрын жол шетінде көлік қаққан жігіт әрең дегенде аман қалды.Денесінде талай сүйегі сынып, бірнеше темір бұрандалар орнатылған. Бірақ жігері құм болмапты. Сондықтан болар «апаттан соң темірге бұрынғыдан да жақын бола түстім»-деп қалжыңдайды өзі.

Руслан Қайрақов, Үлкен қаратал ауылының тұрғыны:

- Өстіп отырып қалам деген ой да болған жоқ, бірақ отырғаннан кейін де мен өстіп ештеңеден қорықпай істей бердім, Қолымнан келіп тұр, бос отырмай.

Таңнан қара кешке дейін темір терсек арасынан шықпайтын Русланға қазір үлкен ұлы көмектеседі. Ол «Ер азаматтың қолынан бәрі келу керек»- деген әке ақылын қағып алған.

Әлихан Нұртазин, Р.Қайрақовтың ұлы:

- Болашақта қажет болады, қазір сварка үйреніп жүрмін ол да керек болады деп ойлаймын.Кейін өз бала-шағама да үйретемін. Мен әкемді мақтан тұтамын.

Аяқ киім  сөресі, гүл қоятын тұғырлар, тіпті қақпалар мен жақтаулар. Бәрі де осы шап-шағын шеберханадан зауытта жасалғандай жарқырап шығады. Ауыл ішін қойып Зайсаннан тіпті облыстың өзге қалаларынан да тапсырыс кеп жатады. Үлгермей жатса қолдайтын отбасы қасында.16 жыл отасқан жары Жанар да жасыған емес.Отағасы қолданатын материалдарды қайтсе де, тауып береді.

Жанар Қиямазанова, Р.Қайрақовтың жары:

- Керек нәрселерін тапсырған әкеп береміз,магазинге өзі кіре алмайды ғой, керек заттарын ала алмайды, соны тапсырып отырады. Ватсаппен жіберем мынау ма деймін содан жоқ  басқа түрі дейді. Сөйтіп әйтеуір Аллаға шүкір.

Ақжаулықты анасы мен отбасының несібесі болар Руслан арбаға отырса да ашпын, шарасызбын деген емес.Сонысымен де беделге ие.

Назерке Тоқтасынова, Қаратал ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Зайсанның,қаламыздың сәулетіне бірден-бір үлес қосып отырған Руслан ағамыз деп мақтанышпен айта аламын. Алдағы уақытта ауылдық мәдениет үйінде Руслан ағамыздың қолөнер бұйымдарының көрмесін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.