2022 жылдың қаңтары алматылық дәрігерлер үшін сынақ болды

2022 жылдың қаңтар айы алматылық дәрігерлер үшін де сын сағаттарға толы болды.

Жаппай қақтығыс кезінде олар өз өміріне қауіп төніп тұрса да, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуге ұмтылды. Ауруханаға түскен жаралылардың арасында әскери қызметкер де, бейбіт тұрғын да, бас көтерген бұзақы да бар. Дәрігерлер барлығының өмірін сақтап қалуға тырысты. Арада бір жыл өткенде ақ халаттылар ауыр күндердегі естеліктерімен бөлісті.

«Нағыз соғыс даласында жүргендей болдық». Бұл - жедел жәрдем қызметкерлерінің қаңтар оқиғасынан кейін арада жыл өткенде айтқан алғашқы сөздері. 4 қаңтар күні кезекшілікте болған жас фельдшер Бақдәулет Сейдахан кешкі 9 жарымда алғашқы шақырту бойынша алаңға келген. Сол күні таңға дейін қақтығыстан зардап шеккендерді жарақаттарына қарай іріктеп, ауруханаға тасыдық, - дейді жас маман.

Бақдәулет Сейдахан, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:

- Кімнің жағдайы ауыр бірінші солардан бастап қызмет көрсеттік. Ол жерде ең ауыр жарақат алғандар әскери қызметкерлер болды. Адам өте көп болды. Сол үшін әр скорый 4 адамнан, 3 адамнан солай тасыдық. Жарақатының ауырлығына байланысты. 

Орталық қалалық клиникалық аурухана қаңтардағы тәртіпсіздік ошағына ең жақын орналасқан медициналық мекеме. Сондықтан қақтығыс кезінде жараланғандардың көбі осында жеткізілді. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Қанат Төле 4-қаңтар күні кешкісін кезекшілікте болады. Жарақаттанған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ауруханаға жеткізген кезде қалада сұмдық жағдай болып жатқанын түсіндім, - дейді ол.

Қанат Төле, травматолог:

- Алғашында жеңіл-желпі жарақатпен келіп жатты. Уақыт өте келе оқ тиген, жағдайы өте ауыр науқастардың легі басталды. Бұл ең қорқынышты сәт еді. Екінші қабаттағы жоспарлы операция бөлмесін іске қосуға тура келді. Әрбір операция бөлмесінде операция жасалып жатты.

Дәрігерлердің айтуынша, ең ауыры 5-інен  6-сына қараған түні болған. Ауруханаға келіп түскен жаралылардың аты-жөнін нақтылап жатуға уақыт жоқ. Тіркеу журналдарына тек азиялық, еуропалық деп жаза бердік, дейді Қанат Төле. Басты мақсат – науқасты аман алып қалу.

Бақдәулет Сейдахан, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:

- Қазір енді бір жыл өтіп кетті. Соның өзінде бізге қорқынышты түс сияқты. Отанды қорғап жүрді. Олардың қарап тұрсам ешқандай өзін қорқауға возможность болған жоқ қой оларда.  Келді ұрды, ұрды, аяқ қолдары сынған, басынан ұрған шлемдерін шешіп алып, ауыр ол, ойлаудың өзі қиын қазір.

Ауыр күндер артта қалғанымен, қорқынышты көрініс көмескілене қойған жоқ. Мұндай сын сағаттар қайталанбаса екен, дейді ақ халаттылар.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Эдуард Кон