Таразда сын сағатта Дастан Әділбай ерлік көрсетті

«Қаңтар оқиғасы» кезінде бүлікшілер Тараздағы облыстық Полиция департаментінің бірнеше ғимаратын басып алған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар сондағы 600-ден аса қаруды ұрлап, 6-қаңтар түні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына қарулы шабуыл жасаған еді. Дегенмен шешуші шақта департамент қызметкерлері қарсылық танытып, маңызды нысанды қорғап қалды. «Қаралы қаңтарда» өңірде 15 адам бақилық болды. Оның екеуі күштік құрылым қызметкері.

Былтыр 4-қаңтардың кешінде басталған наразылықтың соңы бұзақылыққа ұласып кетті. Билікті құлатуға әрекеттенгендер - облыс әкімдігі мен қазіргі «Аманат» партиясы ғимаратын өртеп, Полиция департаментін қиратқан-ды. Ендігі бағыт - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты еді. Бірақ департамент қызметкерлері 3 рет жасалған қарулы қақтығысқа тегеурінді қарсылық таныта білді. Деседе қазасыз болмады. Бөлім басшысы Дастан Әділбай қызметтік борышын атқару кезінде көз жұмды. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Айбын орденімен марапатталды.

Әділбай Шатырбаев, Дастан Әділбайдың әкесі:

- Баламның жаңағы өз кабинетінде тығылып отырмай, далаға шығып өзінің қаруымен өзінің киімімен сыртқа шығып. Оларға қарсы тойтарыс беруі кезінде оққа ұшып отыр ғой. Сондай ерлігін, жасаған ерлігі бұның үлкен деп есептеуге болады. Әкем сияқты болсам деп әр баланың өзі арманы ойы болады. Соның әсері болу керек, балам менде осы органға, оқуға түссем деп армандайтын.

Дастан Әділбайдың артында жары мен 4 баласы қалды. Отағасынан айырылған отбасы енді ғана ес жиған. Батырдың жұбайы: «Дастанды қызметіне адал, елі үшін елеңдеген ер еді», - дейді.

Айнұр Бастаубаева, Дастан Әділбайдың жары:

- Ол өте сондай бауырмашыл адам болды. Бала шағасына деген енді елжіреп тұратын. Қаншалықты жұмыста, қызметі қиын болды ғой оның. Қаншалықты ол өзі қатал болып өзін ұстаса да, үйге келген кезде ол тіпті басқаша адам болатын.

Бүлікшілермен тілге келмекке, жергілікті билік өкілдері халық алдына шықты. Бірақ бейбіт тарасуға шақырған үндеулер тыңдаусыз қалды. Әкімшілік ғимараттар өртеліп, өңірге ауқымды шығын келді.

Махметғали Сарыбеков, облыстық мәслихат хатшысы:

- Мемлекеттік органдардың 7 ғимараты талқандалды.  Олардың барлығы қазір әрине күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, қайтадан өзінің қалпына келтірілді. Бірақ енді оған мемлекеттік бюджеттен 7 млрд 395 млн тг жұмсалды. Қарап отырсаңыздар сол қомақты ақшаға қаншама балабақша соғуға болатын еді. Тұрғын үй соғуға болатын еді. Жаңа мектептер соғуға болатын еді. Өкінішке орай ол қаражатты басқа мақсатта пайдаланып отырмыз.

«Қаңтар қырғынында» облыстағы 30 бизнес нысаны зардап шекті. Мемлекеттік бюджеттен 100 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, шығындары өтелді. Ал қаза болған құқық қорғау қызметкерлерінің есімі ескерткіш тақтаға жазылып, отбасына қаржылай қолдай көрсетілді.