Түркиядағы қандас ем іздеген қазаққа төрін ұсынды

Түркияға ем іздеп барған отандастарымызға қолғабыс көрсететін қандасымыз бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрабдуллах Жәдік еміне шипа іздеп, шарқ ұрған жандарды барынша қолдап, қолжетімді қызмет алуға көмектеседі. Негізгі кәсібі заңгер болғанымен медицина саласына қатысты жәйіттерді жетік меңгерген. Тарихи отанынан келгендерге көмекті ұлтына деген құрмет деп біледі. 

Бұл Ыстамбұлда тұратын қандасымыздың үш қабатты үйі. Ескі болса да, қаланың қақ ортасында орналасқан. Үй иесі Нұрабдуллах Жәдік Түркияда туып-өскен. 25 жылдан бері заң саласында жұмыс істейді. Ата-анасы осыдан 70 жыл бұрын Анадолы жеріне қоныс аударған. Әкесінен қалған мүлікті ұлтының пайдасына жаратып жүр. Бұл жерді Абдул Болдырған Жадик үйі деп атаған. Нұрабдуллахтың меймандардан бір ғана қалауы бар. Бақилық болған ата-анасына құран бағыштап, иман келтіру.

Нұрабдуллах Жәдік, қандас:

- Бұл үйді тегін әкем салған. Онда 5 жыл бұрын жөндеу жұмысын жасадым. 4-5 жыл болып қалды. 50-60-тай кісі осында қонақтап кетті. Жоғарғы қабатында әпкем тұрады. Екі қабатында емделуге келгендер қалады. Бала- шағасымен келсін, кіммен келсе – келсін. Өзі осы жақта тұрады. Ішкі жаққа әкем мен шешемнің атын жазып қойдым.

Бұл үйде емделуге келген кез келген қазақ ақысыз тұрақтай алады. Бірнеше жатын бөлме, жылы төсек бар. Одан бөлек, теледидар тамашалап, тынығатын және ас әзірлейтін мүмкіндік қарастырылған. Қазақы дәмді аңсағандар ет асып жей алады. Айтуынша, мұндай қайырлы шаруаны Арыстан Тосын, Қызырбек Гайретуллах сынды ел ағаларынан үйренген.

Нұрабдуллах Жәдік, қандас:                                                      

- Ұлтымыз қазақ болғаннан кейін «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген тон пішеді» дейді. Біз әке-шешемізден бір-бірімізге көмектесуді үйрендік. Тек Түркияда емес, дүниеде тарыдай шашылған қазақ бар ғой. Оларға біздің қандай пайдамыз болады? Қандай көмегіміз болады? Қолымыздағыны бірге бөліп жемесек, пайдаланбасақ қазақ дегеніміз атымыз қайда?

Шетел асып, дертіне дауа іздеген жанға Нұрабдуллахтың әпкесі де жол көрсетіп, жөн сілтейді.

Нұрилла Жәдік, әпкесі:

- Келерде кейде жол таба алмай қалады. Кейде баратын жеріне жалғыз бара алмайды. Сонда маған бірге барайық па дейді. Бірге барамыз. Үйде кейде тамақ істеуге шамалары болмайды. Сонда тамақ істеп қоямын. Келінім бар. Кейде үйді тазалап кетеді. Олардың ауырып, ауруханаға барып-келіп жүргенде шамасы келмей қалады.

Жалпы Түркияда жылына тек 400-ден астам шетелдікке тегін емделу үшін квота бөлінеді. Бірақ бұл мүмкіндікке көбінің қолы жете бермейді. Басты талап – дертіне елінде дауа табылмағаны жөніндегі анықтама көрсету. 

Нұрабдуллах Жәдік, қандас:

- Шетел азаматтарының Түркияда емделуіне заң шығарылған. Қазақстаннан келетін қазақтардың пайдалауына тілектеспіз. Бұл үшін «Менің ауруыма Қазақстанда ем табыла алмады» деген емханадан құжат алып, оныменен түрік консулдығына барса болады. Бұл заң Қазақстанда да білініп, қазақстандықтардың осында емделуіне пайдамыз болсын деп айта кетейін дедім.

«Олар анадолы жеріне сауық іздеп, сайран қуып келмейді. Біз дертіне дауа іздегендерді бірден танимыз», - дейді қандасымыз. Соған сай пейілін де тарылтпауға тырысады. Ыстамбұлға көршілес жерде тұрса да үлкен шаңыраққа жиі ат басын бұрып, қонағын төрге оздырып, құрметін көрсетеді.

 

Авторы: Меруерт Қанағат.