Ақтөбе облысында аяз сынбай тұр. LIVE

Үшінші күн қатарынан сынап бағаны минус 35-37 градусты көрсетуде. Ауа-райының мұндай құбылысы құтқарушылар мен полицейлердің жұмыс қарқынын арттырған. Олар жолда қалған көліктер мен жолаушыларды жылыту бекеттеріне жеткізуде. Қатты суықтан қала бойынша жүретін қоғамдық көліктердің де бірқатары уақытылы айналымға шықпай қалған. 

Дегенмен қала тіршілігі қалыпты жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қандай да бір мекеме, кәсіпорынның жұмысына өзгеріс енгізілгені туралы ақпарат жоқ. Алайда таңертеңгісін сол жұмыс орындарына жету сәл қиындай түсті. Себебі қатты салқыннан аулаларда оталмай жатқан көліктер көбейді. Сондықтан болар, такси қызметтерінің бағасы өсті. Ал қоғамдық көліктердың саны соңғы бірер күнде азая түскен. Мұны қала билігі де, тасымалдаушы компания өкілдері де мойындап отыр. Айтуларынша, автобустардың дизель отыны қатып қалып жатыр. Сәйкесінше тұрғындардың аялдамада тұру уақыты да ұзарды. Дегенмен тасымалдаушылар автобустарды тез жөндеп, қолайсыздықты жоюды қолға алып келеді. Ал қаладан тыс жерлердегі жағдайға келсек, аймақтағы облыстық және республикалық маңыздағы жолдар ауа-райының құбылысына орай, көліктер үшін кейде жабылып, кейде шектеу қойылуда.