Сырдарияның суы тасуы мүмкін

Шардара қоймасы мерзімінен бұрын толатын түрі бар. Қазір секундына 933 текше метр су құйылып жатыр.

Өйткені Сырдарияның 93 пайызын толтыратын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның таулы аймақтарында жауын-шашын мол түскен.

Мамандар гидронысанның лық толуы көктемде тасқынға ұласып, айналадағы елді мекендерді түгелдей су басады деп шошып отыр. Енді су қоймасындағы тіршілік нәрін Сырдарияның төменгі ағысына жіберу керек. Ал мол суды қабылдауға өзен сағасындағы Қызылорда облысы дайын ба?

Шардараға тәулігіне орта есеппен 42 млн текше метр су келіп, мерзімінен бұрын толатын түрі бар. Осы мәселеге орай облыс әкімі тиісті сараптау жұмыстарын жүргізіп, қауіптің алдын алуды тапсырды. Себебі, еліміздегі ең үлкен су қоймасында апат болған жағдайда төмендегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басуы мүмкін. Сондықтан мамандар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне наурыз айына дейін «Шардара» су қоймасының толуын 70% -дан асырмау және «Көксарай» су қоймасына су толтырмау бойынша ұсыныс хат жолдаған. Әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен апаттық жағдайдың алдын алу үшін Үкімет деңгейінде штаб құру керектігін айтады. Бастысы, Шардара су қоймасының жанынан апатты су қашыртқысын салу керек деген бастама көтеріп жатыр. 

Маханбет Жазықбаев "Қазгидромет" РМК Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы:

- Шардара былтырғы жылы осы уақытта почти 2 млрд 200 болған. Қазір былтырғы осы күнмен салыстырғанда жүз пайыз артық болып отыр. Сондықтан қазір меніңше сол Қызылорда облысына қарай біртіндеп, біртіндеп су деңгейін тастауды көтеру керек сияқты. 

Көлдердің 70%-ы толды

Ежелден дария бойын жайлаған жұрт үшін судың көбейгені қуанарлық жайт. Қазір Қызылорда облысының аумағына секундына 630 текше метр су келу үстінде. Сырбойылық мамандар көл-көсір суды соңғы 5 жылда нәр тамбаған ескі арналарға бағыттап жатыр. Жалпы өңірдегі 200-ге жуық ірілі-ұсақты көлдің 70%-іне су барып үлгерген.

Айдос Асанбаев, "Қазсушар" РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Қазір Қызылорда су торабына дейін республикалық меншіктегі 11 канал арқылы 131,5 текше метр су алынып жатыр. Оның ішінде тағы да «Күміскеткен» көлдер жүйесіне, Шиелі ауданындағы Жуантөбе ауылдық округі тұсындағы Қалғандария бар, Бұлақтыкөл көлдер жүйесі бар сол көлдерге де қазіргі таңда Сырдария өзенінің арнасының көтерілуіне байланысты барлығына су шықты. 

Сондай-ақ шабындық пен жайылымдық жерлерге де су жіберіліп жатыр. Сәтін салса, биыл шөп шүйгін болады - дейді шаруалар. Ең бастысы, аңқасы кепкен Аралдың сәл де болса шөлі қанбақ. Жыл басынан бері теңіздің солтүстік бөлігіне 100 миллион текше метр су жіберілді. Қазір Сырдарияның кей бөлігінде мұз қабаты 30 сантиметрге дейін жеткен. Соның салдарынан су ағымы бәсеңдеп тұр. Мұның қауіп-қатері де жоқ емес, - дейді мамандар.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- 620-630 куб келіп жатқандықтан бұл қыс мезгілінде өте жоғары. Себебі Сырдария өзені қыс кезінде мұз ұстасып, астынан су өткізу қабілеті орташа 500 кубтың шамасында болады. Оның үстіне өзен бойындағы Қызылорда, Әйтек, Қазалы су тораптары олардың да қыстың режимдері бар. Енді келіп жатқан судың көлеміне байланысты төтенше жағдайлар департаменті, су шаруашылығы мекемелері аудан қала әкімдіктерімен күнделікті мониторинг, кезекшілік жүргізіліп жатыр. Себебі келіп жатқан судың көлемі өте жоғары.

Облыс аумағына өзен бастауынан келетін су мөлшері әлі де көбейетіні анық. Сондықтан жүзден астам мекеме мамандары күшейтілген режимде бақылау шараларына көшті.

Қамбар Бекенов, Жандос Жұмабек, Ахан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев