Түркістан облысында бүтін бір ауыл жылусыз қалды

Түркістан облысында тұтас бір ауылдың тұрғындары көгілдір отыннан ажыратылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан қақаған қыста Бағыс елді мекеніндегі 242 абонент жылуға жарымай отыр. Бір тәуліктен бері көгілдір отынсыз қалған ауыл тұрғындары әбден әбігерге түсті. Аязды күні бой жылыта алмай отырғандардың бірі – Есіркеповтер отбасы. Шарасыз жандар электр пешін пайдаланып тар бөлмеге тығылып отыр.

Матлюба Есіркепова, Бағыс ауылының тұрғыны:

- Үйіміз суып кетті. Далада аяз болып жатыр. Үйде ауру енем бар. Енді ауруына тағы ауру қосылып жатыр. Ал жөндейтін адамдарды шақырсақ, келеді да өзімізден ақша жинап кетеді. Онымен ешқандай нәтиже жоқ.

Өзбекстанмен шекаралас жатқан Бағыс ауылы Сарыағаш ауданына қарайды. 2021 жылы елді мекенді газға қосу жұмыстары аяқталып, 242 абонентке табиғи отын жеткізілген еді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

-750 гектар жерді алып жатқан Бағыс ауылына мың екіжүзден астам халық қоныстанған. Барлығы қаңтардыңқақаған аязында бүрсең қағып отырмыз деп ашынады. Айтуларынша күн суытып, аяз түссе болды ауылғатартылған газ жүйесі қатып, өшіп қала береді.

Газдан ажыратылған тұрғындар мәселеге селқос қарап отырған жауаптылардың ісіне наразы. Өйткені желтоқсан айынан бері төртінші рет желіден ақау шыққан. «Газ құбырын тазарту жұмыстарына ауыл жұрты болып, ақша жинаймыз», – дейді олар.

Өсербай Жапбасбаев, Бағыс ауылының тұрғыны:

- Қазір қыстыгүні әр үй кемінде 10 мың теңгеден ақша төлеп жатырмыз. Қанша үй бар. Миллиондаған ақша түсіп жатыр. Ақша қайда кетіп жатыр?

Ғабидулла Құсайынов, Бағыс ауылының тұрғыны:

- Қазір адамдардың алды ауруханаға түсіп жатыр суықтап. Біріңғай көмірге сенген кезде мұндай қиындықтар туындамас еді. Адамдар қазір газға сеніп, көмір жағатын пештерін алып тастады ғой.

Бұл мәселеге жауаптылар әу баста газ құбырының дұрыс жүргізілмеуі себеп болғанын айтады. Олардың айтуынша, құбыр ішінен су шығып, күн суығанда мұзға айналады.

Ордабек Досмырзаев, "Интергаз Орталық Азия" АҚ аудандық бөлімінің шебері:

- Ең соңғы ауыл болғаннан кейін бұл жаққа келетін газ құбырында су бар. Газ құбырлары әлі ЖКХ балансында. Біз енді қолдан келген көмегімізді беріп істеп жатырмыз. Қазір компрессор әкеліп жатыр. Сонымен тазалау жұмыстары жүреді. Қысым жетпейді деген бос әңгіме.

Ал аудандық әкімдіктегілер болса, газға жауаптылардың өздерін кінәләп отыр. Мәселені реттеу үшін салалық басқармаға хат жолдап, көмек сұрағанын айтады.

Бақытжан Полатов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз «КазтрансГаз» мекемесіне хат жолдағалы отырмыз. Энергетика басқармасына газды қайта-қайта тоқтап қалу мәселелері бойынша жаздық. Енді пайдалануға берілгеннен кейін осы мекеме өзінің мамандарымен тиісті жұмыстарды атқаруы керек.

Қазір магистралды құбырды мұздан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ бұл істің қаншалықты нәтижелі болары белгісіз. Ал синоптиктердің болжамынша алдағы тәулікте сынап бағаны -30 градусқа дейін төмендейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов