Ауылдарды дамытуға ₸143 млрд бөлінеді

Биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 млрд теңгеден аса қаражат бөлінеді. Оған 700-ден астам елді-мекенде 1 жарым мыңнан аса жоба жүзеге асырылады. Бұл жайында Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары бағдарлама мақсаттарын іске асыру бойынша оң динамикаға ие. Алайда Ұлытау мен Батыс Қазақстан облысында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Өз кезегінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыстарды бөлу бюджет қаржысын игеруге кедергі болмауы тиіс екенін айтып, межелі міндеттерді уақытылы орындауды тапсырды.

Айта кетейік, алдағы 4 жылда 3,5 мыңнан аса елді мекенді толық жаңғырту жоспарланып отыр. Ауылдарды дамыту жобасы аясында 3 жылда 300 млрд теңгеге 4 мыңға жуық іс-шара жүзеге асырылды. Бұл жобалардың нәтижесінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандары, мектептер мен емханалар салынып, елді мекендердегі жолдар жаңартылды. Бүгінде ауылды жерлерде 8 миллионға жуық халық тұрады.