Каспийдің жағалауы мұзға айналды

Соңғы аптадан бері Маңғыстау облысында қатты аяздың зәрі сынатын емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының әсерінен қала жағажайларын қалың мұз көмкерді. Кей жерлерде қалыңдығы 20 см-ге дейін барады. Тұрғындар мұны аномалиялық құбылысқа балап отыр. Ересектер мен балалар мұз үстінде коньки, шанамен сырғанап мәре-сәре. Адамдар көп шоғырланған аумақта құтқарушылар кезекшілік атқарып, халықты сақтыққа шақыруда.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мен қазір судың үстінде тұрмын. Бұл жердің тереңдігі шамамен 1-1,5 метрдей. Қазір жағадан 500-600 м-ге дейінгі аралық мұз қоршауында. Тұрғындар осы сәтті пайдаланып серуендеп, коньки теуіп, балаларын шанамен сырғанатып ойнатып жүр.

Зейнеткер Татьяна Калмыкова қалың мұз басқан жағалауды әлеуметтік желіден көріп, таң қалған. Қарлы далаға айналған жағажайға немерелерін күнде әкеліп, мұз үстінде ойнатып жүр. Бұл жерге келетін адам саны, әсіресе, күндізгі уақытта көп дейді.

Татьяна Калмыкова, қала тұрғыны:

- 1960-шы жылдан бері Ақтауда тұрамыз. Ол уақытта 2 жаста болдым. Бүгінге де мұндай құбылысты өз басым көрген жоқпын. Таныстарым 2015 жылы жағалаудың мұзға айналғанын айтты. Қатты аяздың беті қайтса, тез еріп кетеді ғой. Әзірге осы мүмкіндікті пайдаланып, бала-немерелеріммен серуендеуге келеміз.

Марат Нұғыманов, қала тұрғыны:

- Бұған дейінгі жылдары да жағажай мұз айдынынан айналғаны есімде. Коньки тебуге келетінбіз. Соңғы кезде Каспийдің деңгейі төмендеп барады. Тайыз жерлерде су қатуына, мүмкін, осы себеп болар деп ойлаймын.

Климаты жылы аймақ тұрғындары табиғаттың ерекше құбылысын қызықтаудан жалығатын емес. Қатып қалған жағалауда емшектегі сәбиін балалар арбасына салып жүргендер де бар. Көпшіліктің су үстінде шоғырлануы құтқарушыларды алаңдатып отыр. Айтуларынша, бұл жердегі мұздың қалыңдығы 13-15 см-ден аспайды. Жұқа жерді басып, суға түсіп кеткен жігіттің видеосы жақында ғаламторға таралды. Абырой болғанда, аман қалды.

Ратбек Демеуберген, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Теңіз жағалауына тиісті белгілер орнатылды. Мұз үстіне шығуға тыйым салынады деген. Күнделікті түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарландыру жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес тиісті бейнероликтер жасалып, мектептерге бұл ақпарат жеткізілуде.

Жыл басталғалы бері Төтенше жағдайлар департаментіне адамның суға құлауы жайлы хабарлама түспеген. Қазір қала әкімдігі, полиция қызметкерлерімен бірлесе жағажайларды аралап, тұрғындарды сақтыққа шақыруда.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.