Қарағанды облысындағы экологиялық ахуалы «Ауыл» партиясының назарында болады

Қарағанды облысының Қарағайлы кенті маңына бірнеше жыл бойы барит қалдықтары төгіліп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зиянды заттар 380 га аумаққа шашылып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп жатыр, - дейді «Ауыл» партиясының өкілдері. Бүгін олар кенді шаһарда бас қосып, өңірдің экологиялық ахуалын талқылады. Жиынға депутаттар, қоғам белсенділері, осы салаға жауапты мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Табиғат жанашырлары қоршаған ортаны ластап отырған бірнеше факторды атап көрсетті. Ол – Теміртаудағы металлургиялық комбинат, тау-кен кәсіпорындары мен шахталар және күл-қоқыс полигондары. Партия белсенділері бұл жағдайды назарға алып, өзекті мәселені тиісті мекемелерге жеткізетіндерін айтты.

Серғазы Әдекенов, «Ауыл» ХДПП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:

- Осы барит қалдықтары 10 мыңнан астам жерді ластап отыр. Ол дегеніміз шабындық, ол дегеніміз егістік. Өзекті мәселелер, әрине, тек облыс деңгейінде шешілмейді, біз бірқатар мәселелерді Парламентке жолдаймыз. Бірқатар мәселелерді Экология министрлігіне айту керек. Соны бірлесіп шешетін боламыз.