Шаруалар Үкіметтен қолдау күтіп отыр

Фермерлер Үкіметтен отандық ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру бағдарламасын ұзартуды сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар ескірген техника паркі еңбек өнімділігіне кері әсер етіп отыр дейді. Ал елдегі комбайндар мен тракторлардың 70%-тен астамы жұмысқа жарамсыз.

Алтын дән еккен диқандар мен мал өсіріп, ел өңірлерін ет, сүт, маймен қамтамасыз етіп отырған фермерлер үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет. Ал Үкімет болса еліміздегі агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру міндетін қойып отыр. Жауапты ведомство бұған кері әсер ететін бірқатар фактор барын айтады. Мәселен, агро саладағы техника паркі ескірген.

Болат Бекежанов, «Сабынды» ШҚ директоры:

- Мемлекет несие беріп, бізді қолдап жіберсе деймін. Қазір технология бір орында тұрмайды. Егіс жыртатын техникалардың түрі көп. Көктемгі науқан алдында бізге жаңа кешендер қажет. Техника жаңарғанда ғана егін өнімділігі мен сапасы жоғары болады. Шаруалар Үкіметтен жеңілдіктер мен қолдау күтіп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр техника паркін жаңартуға 40 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Нәтижесінде 872 шаруа 190 комбайн мен 882 трактор алған. Алайда бұл да жеткіліксіз дейді. Бағдарлама бойынша қаражат бөлінбесе, мыңдаған шаруа қожалығы биылғы егіс науқанын ескі техникамен бастауға мәжбүр.

Ақпар Мәуленов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары:

- Шаруаларға ауылшаруашылық техникасын жеңілдетілген несиемен сатып алу бағдарламасын қалдыру қажет. Фермер жұмысының тиімділігі егістіктердегі түсімділік шаруашылыққа тартылған техниканың сапасына тікелей байланысты. Біз Үкімет басшысына хат жолдап, қосымша 10 млрд теңге сұрадық. Алайда қаражат жеткіліксіз деді. Биыл біз бұдан да көп қаржы сұраймыз.

Айта кету керек, Президент бұған дейін Үкіметке еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін мәселлерді шешуді тапсырған болатын. Ал Қазақстан фермерлері үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы ең үлкен қолдау болмақ.

Авторы: Айнұр Қуатқызы.