Қазақстанның 20 азаматы Өзбекстанның түзету мекемелерінде отыр

Өзбекстанның түзету мекемелерінде Қазақстанның 20 азаматы отыр. Болашақта олар жазасын ел аумағында өтей алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін кемінде 1 жыл жазасын өтеу уақыты қалуы тиіс. Және басты шарт - сол азаматтың және екі ел тарапының келісімі қажет. Бүгін Мәжіліс осындай келісімді қабылдады. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша: «бүгінде Қазақстанда сотталған Өзбекстанның 225 азаматы жазасын өз елінде өтеуге ниет білдірген». Жазасын өтеушілер арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі осындай. Алайда, ел егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірген, қаржылай қарызы бар адамдар жазасын өз елінде өтеуге берілмейді. Жалпы Қазақстан сотталғандарды өзара беру туралы 21 елмен келісім орнатқан. 

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Шартты жасамас бұрын екі ел арасындағы миграциялық процесс және қылмыстық ахуал зерделенді. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болғасын ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайды. Отбасынан қол үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз.