Қарағандыны қою тұман басты

Қарағанды қаласын тағы қою тұман басты. Күрделі метеорологиялық жағдайды экологтар желдің жоқтығымен байланыстырады.

Көк түтінді азайтудың бір жолы көгілдір отынға көшу, - дейді табиғат жанашырлары. Бірақ қалада газдандыру жұмысы тым баяу жүріп жатыр.

Бұл Қарағанды көшесіндегі бүгінгі көрініс. Айнала көк түтін болып тұр. Қаланың әр жерінен сынама алған экологтар ауаның айтарлықтай ластанғанын анықтап отыр. Азот диоксиді мен көміртек тотығының мөлшері бірнеше есеге көбейген. Мұны ғарыштан түсірілген картадан да анық аңғаруға болады. Қарағанды қара нүктеге айналған.

Алина Ысмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

- Күрделі метеорологиялық жағдай күн райымен байланысты. Кешелі бері қар жауған жоқ. Желдің екпіні секундына 2,7 метрден аспады. Суық ауада түтін көкке көтерілмейді, жерге қонады. Сондықтан тұман сейілмей тұр. 

Экологтардың айтуынша, ауаны ластайтын бірнеше фактор бар. Автокөлік, өндіріс орындары, жылу энергия орталығы. Бірақ ең көп түтін жеке сектордағы үйлерден таралады. Ал одан құтылудың жалғыз жолы көгілдір отынға көшу,-дейді. Газ қосып алған тұрғындар маңайында түтіннің анағұрлым азайғанын аңғарған.  

Заңғар Шәкітаев, қала тұрғыны:

- Қымбатқа шығады көмірге қарағанда. Бірақ физический жұмыс істемейсіз да. Үй таза. Оның үстіне ауа да тазарды. Жағдайына қарай қосып жатыр. Биылдыққа үш үй қосты мына жақта. Түтін азайды. 

Алайда газ қондырғысы арзан емес, кез келгеннің қалтасы көтермейді. Мәселен мына 80 шаршы метр үйге көгілдір отын тарту үшін 1 миллион теңге кеткен. Сондықтан болар екі жылдың ішінде Қарағанды бойынша орталықтандырылған газға тек 500 үй қосылыпты.

Мұрат Камалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Оның бәрі қаржыландыру қалай болады, солай бітеді бұл жұмыс. Проект үлкен ғой, 16 пусковой. Қазіргі кезде осы жылы тек қана 3-ші пусковойды бітіреміз. 

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, екі жылдың ішінде 4 мың үйдің жанына газ құбыры жеткізілген. Биыл тағы 2500 үйге тарту жоспарланып отыр.