Ақтөбе облысында ауданаралық 3 аурухана салынады

Медицина мекемелері Хромтау, Мұғалжар және Шалқар қалаларында орналасады. Бұл аталған өңірлерге білікті мамандарды көптеп шоғырландырып, дәрігерлік қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа жоба жоспары аймаққа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке ұсынылды. Бұдан бөлек Вице-премьер «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып жатқан тұрғындарымен жүздесіп, халықтың табысын арттыруға бағытталған іс-шаралармен танысты.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Хромтау қаласынан ірі медициналық орталықтың ашылуы жергілікті халықтан бөлек көрші орналасқан Әйтеке би мен Қарғалы тұрғындары үшін де тиімді болмақ. Себебі ауданаралық аурухана аталмыш елді-мекен халқына да қызмет көрсетеді. Ұлттық жоба аясында қолға алынған медицина мекемесінде тері арқылы коронарлық араласулар, инсульт орталығын, екі деңгейлі травматологиялық және хирургиялық көмек көрсететін бөлімшелер ашу жоспарланып отыр. 

Білікті мамандарды белгілі бір елді-мекенде шоғырландыру үшін халықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігі белгілі. Бұл орайда былтырдан бері шалғайдағы ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынған. Өңірдегі 24 ауылдық округтің 43 мыңға жуық азаматын қамтиды деп күтілуде.

Нұрлы Өтешев, Хромтау ауданының тұрғыны:

- «Ауыл аманаты» бағдарламасын таныстырып жатыр, келіп жатыр. Тиімді жақсы. Қолайлы. Алуға болады 2,5%. Енді мен ойлап тұрмын құжаттарымның барлығын тапсырып, жылыжай салып 400 шаршы метрмен көкөніс өсіргім келеді.

Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жобасы бүкіл ел аумағын қамтитынын атап өтті. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бағдарламаға қатысатын ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиемен қатар мемлекеттік субсидия да тұрақты түрді бөлінетінін жеткізді. 

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Бұл енді бастамасы деп ойлаймын бағдарламаның. Ең бастысы аудандағы, елді-мекендердегі біздің тұрғындарға осындай жақсы мүмкіндік жасау. Қолайлы жағдай жасау. Өзінің ісі ашуға біздер көмектессек бірақ жұмыс жасайтын азамат өзінің сол іске берік болып, жасау керек.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы облыстағы жұмыссыздар санын 42%, ал атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатарын 49% азайтуы тиіс. Облыс орталығында өткен алқалы жиында Алтай Көлгінов аталмыш жоба биыл еліміздің барлық өңірінде қолға алынатынын жеткізді. Халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысы да назарда. Биыл өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 300 ғимарат пен 221 жайлы мектеп салынуы тиіс. Бұл бастамалардың сапалы жүзеге асуы толықтай жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жүктелді.