Ит асырауға қанша ақша керек?

Алуа Ишеева 3 жыл бұрын 35 мың теңгеге шарпей тұқымының күшігін сатып алды.

Оған "Киара" деген лақап ат қойды. Иесі Киараға жан-жақты күтім көрсетуге тырысады. Ай сайын Алуа оны асырауға кемінде 100-150 мың теңге жұмсайды. 

Алуа Ишеева, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, иттің қожайындары үшін бұл орташа сома болып саналады. Менен де көп ақша жарататындар бар. Кейбір иттер түрлі көрмеге қатысады. Онда шығын көлемі 1 млн теңгеге жетіп қалуы мүмкін. таныстарымның арасында мұндай адамдар аз емес.

Аталған соманың айтарлықтай бөлігі иттің тамақтануына кетеді. Мәселен, оған бір айға ет алып қою үшін кемінде 50 мың теңге қажет. Ал қосымша құрғақ жем сатып алу үшін тағы 30- 40 мың кетеді. 

Юлия Цой, жануарлар дүкенінің иесі:

- Әрине,сапалы жемнің бағасы қымбат. Итінің денсаулығын ойлайтын клиенттер оған ақша аямайды. Мұндай тағамның бір қабы кем дегенде 23 мың теңге тұрады. Ең қымбаты 46 мыңға жетіп қалады. Сондай-ақ біз дүкенімізге иттер үшін арнайы өсірілетін акулалар мен қоянның құлақтарын әкелеміз. Мұндай деликатестерге де сұраныс бар.

Елордалықтар иттерін көбінесе пәтерде асырайтындықтан, оған тиісті тәрбие беру де маңызды болып тұр. Ол үшін кинологтардың қызметіне жүгінуге тура келеді. Маманмен бір сағат жұмыс істеу үшін кем дегенде 5 мың теңге төлеу қажет. Сабақ аптасына 2 рет өтеді.

Виктория Титова, кинолог:

- Қазір мен 10-15 итті жаттықтырып жатырмын. Кейбіреулері топтық сабаққа келеді, басқаларын қожайындары жеке сабаққа әкеледі. Қажет болса, мен клиенттердің үйіне де баруға дайынмын. Бір сабағым 5 мың теңге төңірегінде тұрады. Соңғы кезде кинологтың қызметіне жүгінетіндер айтарлықтай көбейді. 

Иттің жүні мен денсаулығы да басты назарда. Мәселен, айына бернеше рет груминг жасату, яғни жануардың жүні мен тырнағын алып, оны жуындыру әдетке айналды. Сондай-ақ қазір иттерге ветеринарлық клиникаларда операцияның түр-түрін жасатуға болады.

Евгений Клочков, ветеринар:

- Қазір елордалықтар арасында мопс, пекинес сынды кішігірім иттерге сұраныс жоғары. Бірақ олардың басы генетикалық жолмен өзгертілгендіктен, денсаулығында ақау көп. Осы орайда біз түрлі пластикалық операция ұсынуға дайныбыз. Мәселен, көзіне блефаропластика жасап береміз. Мұндай қызметтердің құны 150 мың теңгеге жетеді. 

Ал қожайындарына қаладан бірнеше күнге кету керек болса, иттерді арнайы қонақ үйде қалдыруға болады. Мұндағы 1 тәуліктің құны 4-6 мың теңгеге тең. Өкінішке қарай, итті асырауға қомақты қаражат керек екенін бәрі түсіне қоймайды. Балаларының көңілі үшін күшік алып беріп, кейін оны асырай алмай, далаға қуып жібергендер қаншама. Салдарынан көшеде жүрген бұралқы ит саны жыл сайын артып жатыр. Басым бөлігінің қалған өмірі қалалық панажайда өтеді.

Авторлары: Дариға Ташенова Арман Ақшабаев