Шымкентте 54 мектеп салу жоспарланып отыр

Шымкентте соңғы екі жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте айтты. Үкімет басшысы мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашуды тапсырды. Бұдан бөлек Әлихан Смайылов инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне жеке тоқталды. «Қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, «Жаңа Талап», «Тұран» шағын аудандарындағы көп қабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды», - деді Премьер-Министр.