Маңғыстау облысындағы ит өлекселері жойылды

Маңғыстау облысында елді мекенге жақын жерге тасталған ит өлекселері жойылып, аумақ залалсыздандырылды.

Қазір тәртіп сақшылары 29 қаңғыбас итті атып, далаға лақтырып кеткендерді іздеп жатыр. Ақтаудан 50 шақырым қашықтағы Қарақия ойпатындағы жантүршігерлік бейнежазба кеше әлеуметтік желіге тараған болатын. Зооқорғаушылар дабыл қағып, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартуды сұрап отыр. Мамандардың айтуынша, биыл өңірге қарасты барлық аудан-қалада бұралқы ит-мысықтар уақытша ұсталатын панажайлар ашылады.   

Бердібек Марқабаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Дротикпен атқан екен. Газель машинасымен әкеліп тастаған ана жерге. Бір емес, екі рет әкеліп тастаған сияқты сол жерге. Осыны анықтаймыз. 7 панажай болады. Сосын әр ауылда өздері саламыз деп тілек білдіріп жатса, оны салдырып пайдалануға болады. Қаражаттарын есептеп, мәслихатқа ұсынамыз. Оң шешімін тапса, бұл жұмыстар қолға алынады.

Кирилл Осин, зооқорғаушы:

- Осыдан 2 жыл бұрын Түпқараған ауданында дәл осындай жағдай болғаны есімде. Қаңтар айында 20-дан аса бұралқы иттің өлексесі ауыл маңынан табылды. Олар ыдырап бұзылса, түрлі инфекция ауаға, суға тарайды ғой. Оларды жеген ит-құс, басқа да жануардан адамдарға жұғуы мүмкін. Сол себепті, заңсыз атумен айналысқандарды қатаң жазалау қажет деп ойлаймын.