Елімізде 3 мыңға жуық адам қар құрсауынан құтқарылды

Қыс басталғалы Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары 3 мыңға жуық адамды қар құрсауынан құтқарған. Оның 328-і – бала. Бұл жайында бүгін Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев айтты.

Боран соғып, жағдай қиындаған кездерде республика бойынша 37 мың адам мен 13 мың техникадан тұратын күштік топтар құрылған. Мамандардың сөзінше, қар құрсауында қалып қою деректері Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі болған. 

Ибрагим Еүлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

- Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, негізінен қарлы тұтқынға дауыл туралы ескертулерді елемейтін, сондай-ақ жазғы дизельдік жанармайды пайдаланатын жүргізушілер түседі. Жолдарда көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Жыл басынан бері көрсетілген норма бойынша әкімшілік хаттама жасалуымен 8 адам жауапкершілікке тартылды.