Сырдарияда сең ерте қозғалады

Түркістан өңірінде қар еріп, жауын жаууы себепті Сырдариядағы су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мол су 2-3 күнде Қызылорда облысына жетеді. Осыған орай Төтенше жағдайлар қызметі қам жасап, сақтық шараларына кірісті. Қазір дария бойымен облыс аумағына секундына 650 текше метр су келіп жатыр. Ол көлем әлі 750 текше метрге дейін ұлғаяды. Қазір су жырып кетуі мүмкін деген 29 аумақ бар. Қаратаудың етегіндегі бірнеше елді мекенге де қауіп төнген еді. Бірақ мамандары таудан аққан суды сай-салаға бұрып, ауылдан алыстатты. Төтенше жағдайлар қызметінің болжауынша, Сырдарияда сең 1 айға ерте қозғалады. Жергілікті билік пен құтқарушылар су сыймай бара жатса, Шіркейлі мен Қызылжарма арналарына бұрамыз дейді.      

Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қатты көп келіп жатса, ар жағында бізде жоғары жақта Жаңадария деген канал бар. Ол 20 текше алады. Ары қарай Әйтек бар, 420 текше су жібереді. Қазір ол 380 жіберіп жатыр, кедергісіз әлі қоры бар. Қалазыдағы Басықара су тоспасының қыс мезгіліндегі жіберетін көлемі – 450 текше. Қазалының тұсында оң және сол тармақ арналар бар. Көлдер жүйесі бар. Соны аман-есен өткізетін толық дайындық бар.