Абай облысының кәсіпкерлері бағаны өсіргендері үшін айыппұл төлейді

Абай облысының онға жуық кәсіпкері азық-түлік бағасын шекті мөлшерден қымбаттатқаны үшін айыппұл төлейді.

Өңірде арнайы құрылған мониторингтік топ Аягөз, Үржар, Бесқарағай аудандары мен Семей қаласындағы бірнеше дүкен иесінің халық жиі тұтынатын өнімдерді негізсіз  көтергенін анықтады. Енді олар 10-нан 75 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Қазір аймақта азық-түлік бағасын 152 мониторингтік топ бақылауда.

Мейрамбек Мәшірбаев, кәсіпкер:

- Тұрғындар шағымданады. Азық-түлік бағасы ай сайын көтеріліп жатыр. Жеміс-жидектің бағасы да шырқап кетті. Өзіміздің 15-20 процентімізді қосамыз. Одан артық қоса алмаймыз. Бағалардың бәрі реттелген.

Рүстем Ворошилов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Мониторингтік топ ірі сауда үйлеріне де, дүкендерге де тексеру жүргізеді. Бұдан бөлек арнайы комиссия жұмыс істейді. Жыл басынан бері комиссияның 12 отырысы өтіп, 10 заң бұзушылық анықталды. Оның бесеуі Семейдегі үй жанындағы дүкендер мен сауда үйлеріне қатысты. Бұл жерде ескеру керек жайт, шағын дүкен иелерінің көп мөлшерде азық-түлік сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Осы жәйт те бағаның көтерілуіне әсер етеді.