Ақтөбеде жас мамандарды жұмысқа бейімдеуге тәлімгерлер көмектеседі

Ақтөбеде өндіріске келген жас мамандарды жұмысқа бейімдеуге тәлімгерлер көмектеседі. Қазірдің өзінде 20 компанияның тәжірибелі 30 қызметкері техникалық оқу орындарын бітірген түлектерді үйретуге дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлығы ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы бағдарламасын меңгерген. Мұндай бастама 2021 жылдан бері іске асып келеді. Осы уақытқа дейін көлік, тамақтану, қызмет көрсету, тау-кен, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 102 тәлімгері оқытылған. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе техникалық-кәсіптік білім ордаларын тәмамдаған жастардың тез жұмысқа орналасуына септігін тигізеді. Бүгінде облыс бойынша 500-ден астам кәсіпорын 29 оқу орнымен дуальді жүйесі бойынша байланыс орнатқан.

Рахат Тәжібаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

-  Бұның басты мақсаты, техникалық мектепте білім алған студенттер, жастар, стажерлар, колледждің студенттерін өздеріне жол карта бойынша алған кәсіпорындар болсын, ұйымдар болсын, мекемелер болсын соларға жұмысқа тұру үшін тәлімгерлерді қою керек.