ШҚО-дағы қар көшкінінің алдын алу шаралары. LIVE

Шығыста тек су тасқынынан емес, қар көшкінен де қауіп бар. Елімізде көшкін жүруі мүмкін 800 ошақ болса, соның 500-ге жуығы – осы өлкеде.  Жолаушылар көп қатынайтын трассаларда қазір бақылау күшейді. 2 қаланы байланыстырып тұрған Таулы Үлбі жолының бойында қарды түсіру жұмыстары жүріп жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Біз қазір, міне, таулы Үлбі бағытындағы жолдың шамамен 30-шы шақырымында тұрмыз. Бұл жер, байқап отырғандарыңыздай, таудың ортасы. Ақ ұлпаға оранған. Қар қалың, ал қаншалықты екенін қазір эфир барысында​ мамандардан сұрап білетін боламыз. Дәл қазір​ осы қалың қарды төмен түсіру үшін жару жұмыстары жүргізіледі. Соған дайындық болып жатыр. Жару жұмыстарына «Қазселденқорғау» мекемесінің маманы қатысады.​ Жарылғыш зат қолданылады.​ Бұндай шара, жалпы, аса бір жауапкершілікті талап ететін, өте күрделі операция деуге болады. Бір күн бұрын осы бағытта жару жұмыстары жүргізілетіні жайлы хабарланып жол жабылады. Сондықтан қазір ары-бері өтуге рұқсат жоқ. Бізді де жарылыс болар кезде бұл жерге жақындатпайды. Талап сондай.​ Қарды түсіру жұмыстары бас аяғы 1-2 сағат ішінде аяқталу керек. Әйтпесе, жолаушылар үшін қолайсыздық туындайды. Осы процестің бәріне, мінеки, осы салада 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Омар Қатайұлы жетекшілік етеді. Біз қазір сол кісіге жақындап, әңгімеге тартып көрсек.

Омар Дүзгінбаев, «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының басшысы:

-Қар қалыңдығын, міне, мына таяқшалардан білуге болады, мамандар жаңа алып келді. Ендеше қауіп үлкен деген сөз. Кез келген уақытта құлдилауы мүмкін. Қар көшкіні –өте жылдам, бір қарағанда​ қатер жоқтай көрінгенімен, лезде лап қоятын апат. Оны тіпті сезіп, қашып та үлгермейсіз. Дегенмен енді тап бола қалсаңыз, неғұрлым қолды былай ұстау керек.