Бүгін ғалым Кенжеғали Сағадиевтың туғанына 85 жыл толды

Бүгін елдің білім беру саласының дамуына үлкен үлес қосқан ғалым – Кенжеғали Сағадиевтың туғанына 85 жыл. Осыған орай Алматыдағы Кенжеғали Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университетіндегі ғалымның ескерткіші алдында еске алу кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға келген марқұмның жақындары мен әріптестері марқұмның өмір жолындағы еңбектерін айтты. Ол бүгінгі оқу процесінде маңызға ие рейтингтік-тестілік оқыту жүйесін енгізген. Саналы ғұмырын ғылым мен білім беру жүйесін дамытуға арнады. Осы еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Парасат», «Барыс», «Отан» ордендерімен марапатталып, 1992 жылы «Жыл адамы» атанды. Оған қоса Кембридж Халықаралық өмірбаяндық орталығының мәліметі бойынша, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қызметкері» деген атақ алған.

Нағитай Кішкенова, К. Сағадиевтың жары:

- 4 университетте ректор болды, Ғылым академиясында президент болды. Соған дейін Алла тағаланың берген еңбегінің арқасында өсіп, бала-шағаларымызды өсіріп, өндіріп, немере, шөбере болып кетті. Далада ол кісі қатал сияқты көрінетін, бірақ үйімізде жайлы болды. Бала-шағаларымызбен бірге біз 61 жыл өмір сүрдік.

Асан Сәтмырзаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Экономикалық мамандарды, кадрлардың барлығын біз жаңаша талаппен дайындауымыз керек. Демек халықтық экономикалық бағыт-бағдарға қатысты біз оқу жоспарларын өзгертуіміз керек деп, ол кісі өзінің реформаторлық, өте жаңашылдық талпынысқа бізді бағыттады. Соңғы жылдарға дейін сондай талаптармен қызметін атқарды.