Өскемендегі су электр станциясы қуаттылығын арттырды

Қазақстандағы ең ірі су электр станцияларының бірі өндірістік қуаттын 12 мегаВаттқа арттырды.

Өскемендік кәсіпорын гидротурбиналарды жаңғыртты. Мәселен, үшінші гидроагрегат жөндеу жұмыстары жүргізілмеген күннің өзінде 400 мың сағат жұмыс істеген. Ал күрделі жөндеуден кейін тағы ондаған жыл бойы үздіксіз қызмет етеді  дейді энергетиктер. Қазіргі таңда өндірісті басқарудың ұтымды технологиясы енгізілген. Су электр станциясын цифрландыру құны  – 700 миллион теңге. Биыл кәсіпорынға  бюджет қаражатынан 2 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл 70 жылдық тарихы бар Өскемен су электр станциясындағы құрылғылардың тозу пайызын 26 процентке дейін төмендетеді. Ал шамамен 10 жыл бұрын бөгет құрылғыларының 60 проценті жаңартуды қажет еткен еді.  Бұған қоса кәсіпорын жаңғырту жұмыстарын жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтады. 

Светлана Нищенко, Өскемен және Шүлбі су электр станциясының  қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

- №3 гидроагрегатты күрделі жөндеу жұмыстары  белгіленген уақыттан 2  ай бұрын аяқталды және қаңтар айында алдын ала жоспарланған 3 гидроагрегаттың орнына 4 гидроагрегатт қуаттылық аттестациясынан өтті. Осының арқасында  15 миллион теңгеден астам  қаржы үнемделді.