Еліміздің Қарулы Күштері жыл сайын жаңа техникамен толығуда

Әскерилердің қару-жарағына енді биологиялық барлау машинасы қосылды.

Сарбаздар заманауи мобильді техниканың мүмкіндігімен танысып, ведомствоаралық дала жаттығуында сынап көрді.

Айта кетейік, соңғы жылдары радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптермен күрес саласына ден қойылған.

Бұл отандық қарулы күштер қатарына өткен жылы енгізілген биологиялық барлау машинасы. Мобильді зертхананың мақсаты – уланған аймаққа мамандарды жылдам жеткізіп, су, топырақ және ауадан сынама алуға арналған. Микроавтобус шанағындағы техника елімізде құрастырылған. Әзірге республика бойынша 5 машина бар екен.

Абылай Беркінов, мобильді зертхана басшысы:
- Біз алғашқы талдау барысында сібір жарасы, коронавирус, оба және тырысқақ сынды жылдам таралатын ауруларды бірден анықтай аламыз. Биологиялық барлау машинасында үш адам болады. Яғни, жүргізуші, командир және лаборант бар.

Ведмоствоаралық далалық оқу жаттығулары барасында сарбаздар шартты түрдегі радиациялық, химиялық және биологиялық зиянды заттармен зақымдалған аумақта жұмыс істеді. Уланған жерді анықтап, сынама алып, зертханаға жіберді. Оған қоса, аумақты залалсыздандыру барысында лаңкес топтармен күрес тәсілдерін көрсетті.

Жүк көлігінің базасында құрастырылған есептеу талдау станциясы қауіпті аймақтарда жұмыс істеуге арналған. Нақтырақ айтсақ, мұнда биологиялық, радиациялық сынды әртүрлі улы заттарды талдап, есептейді. Одан кейін мобильді штабта жинақталған ақпараттар мына компьютер арқылы өңделіп, әрмен қарай нәтижесі спутник арқылы орталыққа жіберіледі.

Еске сала кетейік, қарулы күштердегі Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі сарбаздары коронавирус кезінде жұмыс істеді. 3 мың сарбаз Алматыдағы 60 мың шаршы метр аумақты және 4 мың шақырым жолды залалсыздандырған болатын. 

Алмас Көпжасар, Десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының аға офицері:
- Негізгі мақсат – радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, барлау қару-жарағы мен құралдарының жаңа үлгілерін зерделеп, оқып, үйрену. Олардың ішінде атап айтатын болсақ, есеп талдау станциясы, биологиялық барлау машинасы. Бұл машина 2022 жылы ғана әскер қатарына енгізілді.

200-ден аса маман қатысқан ведомствоаралық далалық оқу-жаттығулары 13 ақпанда басталған. Оған десанттық шабуылдау әскерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері қатысты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев