Биыл Шымкент қаласының жаңа бас жоспары бекітіледі

Одан бөлек, жыл соңына дейін қала төңірегіндегі аудандардың тұрғындары ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтылып, жаңадан 25 мектеп салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов айтты.

Кездесуде үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Өткен жылы қала экономикасына 549,4 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 110 мыңнан асты. Жалпы, өңірлік өнім көлемінің 40%-і осы саладағы кәсіпкерлерге тиесілі. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.