Павлодарда заманауи арт-орталық ашылады

Павлодарда балалар мен жастарға арналған арт-орталық пайда болады.

Ол үшін қараусыз қалған  бұрынғы училище ғимараты қалпына келтіріледі. Екінші Павлодар аталып кеткен шағын ауданда оқушылар баратын бірде бір аула клубы немесе қосымша білім беретін мекеме жоқ болатын. Арт-орталықта медиазертхана, фотостудия, зергерлік ісі, жасыл бұрыш сынды көптеген кабинет ашылады. Жастарды спортқа, шығармашылыққа баулитын орталықтар жұмыс істейді. Күніне 300-350 бала тегін қосымша білім алмақ.

Бұл ғимарат бір кездері теміржолшылар даярлайтын училище болған. Оқу ордасы  жабылғанда білім беру басқармасының құзырындағы нысан  құрылыс басқармасына өтеді. Кейін мүлде қараусыз қалады. Ғимарат араға 5 жыл салып  қайта жөнделетін болды.

Саян Мұқанов, арт-орталықтың директоры:

- Білім саласының  концепциясы бойынша арт-орталық, арт бағытта қазіргі таңға, қазіргі жағдайға сай балаларды, жасөспірімдерді, жастарды дайындау бағытында экологиялық тәрбие, мынау жаңағы жасылдандыру мәселелері бойынша сонымен қатар бизнеске тәрбиелеу, жасөспірімдерді, балаларды мына психологиялық тренингтерге байланысты өзі жеке бөлмелер болады.

Мұнда алдағы уақытта асхана, 250 орындық акт залы мен спорт зал болады. Сондай-ақ қосымша қолөнер, зергерлік, айти кабинеттерін  ашу көзделіп отыр.

Саян Мұқанов, арт-орталықтың директоры:

- Балалар саны осы жердегі  балабақша, 3 мектеп, 4 колледжді алатын болсақ  5 мың 300 –дің маңайында мысалға. Сондықтан біз негізі өзі 2 мыңнан 2,5 мыңға дейінгі баланы қамтитын жоспар бар. Ал күніне  300 -350  балаға дейін өтетін болады осы жалпы мекемеден.

Ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланыпты. Бір де бір рет күрделі жөндеу  жүргізілмеген. Атқарылатын жұмыс ауқымы да аз емес.

Арман Омаров, облыстық құрылыс басқармасы техникалық бөлімінің жетекшісі:

- Біз жобасын толық өзгертеміз. Ішкі және сыртқы инженерлік желілерін ауыстырып, еденін, төбесін, қабырғаларын  жаңартамыз. Айналасы абаттандырылады. Арт-орталыққа сай  технологиялық  жабдықтар, орг техникалар жиһаздар алынады. Әйнек-терезелері, есіктері ауыстырылады.

Қалпына келтіру жұмыстарының құны 1 миллиард 524 миллион теңгеге   түсіп отыр. Құрылысты жүргізуге тендер жарияланып, мердігер комания анықталған. Қолданысқа  беру мерзімі келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат