Абай облысында қармақпен спорттық балық аулаудан чемпионат өтіп жатыр

Абай облысында мұз үстінде қармақпен спорттық балық аулаудан аймақтық чемпионат өтіп жатыр.

Сайысқа осы өңір мен Шығыс Қазақстан облысынан 24 команда қатысуда. Сексенге жуық балықшы Семейдің іргесіндегі Озерки ауылының маңында жарыстың көрігін қыздырып жатыр. Дәстүрге айналған шараны біздің тілшіміз де тамашалап қайтты. 

Семей тұрғыны Қанат Сайымов жарыс бастала салысымен бірнеше балықты аулап үлгерді. Тәжірибелі балықшы екені бірден байқалады. 

Қанат Сайымов, Семей қаласының тұрғыны:

- Үшінші балығымды ауладым. 2018 жылдан бері спорттық балық аулаумен айналысамын. Бір рет Қазақстан чемпионы болғанмын. Облысты талай рет жеңдім. Спорт шеберлігіне үміткермін.

Мерхат Алымбаев, Аягөз ауданының тұрғыны:

- Үш жыл қатарынан қатысып отырмын. Балық аулау табиғат асяында уақыт өткізу, ми сергіту. Өте жақсы демалыс. Демалыс қана емес, балықшылармен етене танысамыз. Араласамыз.

Азамат Қасым, тілші:

- Бұл жарысқа өздеріңіз көріп тұрғандай балалар да қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың ең жасы 12 жаста, ең егдесі 67 жаста. Бұл сайыстың тағы бір өзгешелігі, ең бірінші және ең ірі балық аулаған адамға арнайы сыйлық беріледі.

Балықшылар бәсекесі екі кезеңнен тұрады. Көл аумағы үш секторға бөлінген. Спортшылар үш сағат ішінде қоржындарын толтыруы тиіс. Алайда аулағанның жөні осы екен деп балықтың бәрін ұстай беруге де болмайды.   

Телжан Юсбеков, жарыстың бас төрешісі:

- Бекіре тұқымдас балықтарды аулауға болмайды. Қызыл кітапқа енген балықтар. Плотва, алабұға, аққайран, табан балықтарын ұстауға болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жарысқа қатысушылардың саны жылдағыдан көп. Содан да болар, қауіпсіздікке баса мән берілген. 

Әсетхан Досқожанов, Абай облыстық спорттық балық аулау федерациясының президенті:

- Енді бұл жарыс Абай облысында бірінші рет өтіп жатыр. Төтенше жағдай, балық инспекциясы өкілдері, жедел жәрдем көлігі келіп отыр.  Қар жауып тұр. Соған қарамастан балықшылар дайын.

Балықшылар бәсекесі бүгін аяқталады. Жарыста үздік шыққан үш спортшы наурыз айында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов