Құсбегілер чемпионатын қызықтаған АҚШ азаматы өзі үшін тың жаңалық ашты

Атырау қаласында өтіп жатқан XVI құсбегіліктен ересектер арасындағы чемпионат өз мәресіне жетті.

Бүгін финалдық бәсекеге шыққан 5 бүркіт ел чемпионы титулын сарапқа салды. Нәтижесінде қос  сайыс түрінде өнер көрсеткен қатысушылар үздік үштікті түйіндеді.

3-орын Астана қаласынан келген Серікбек Күнтуған "Алғырымен" және атыраулық Арман Қошқаров "Нарын" бүркітімен марапатталды. Ал Абай облысынан келген Ерзат Байқадамов "Заңғар" атты қырағы құсымен 2-орынды иеленсе, астаналық Арманбек Күнтуғанұлы "Қарашолақ" атты бүркітімен  ел чемпионы атанды. 

Үш күнге созылған құсбегілер сайысының көркін қыздырған бүркітшілер бәсекесі болды. Төбеден томағасын сыпырған қырандар шибөріні бірінен соң бірі бүріп ұстады.

Фрэнк Дэвенпорт, АҚШ азаматы:

- Мен құсбегілер сайысын Америкада тамшаладым. Бірақ біздер сұңқар, тұйғын секілді шағын құстарды көруші едік. Биыл міне сәті түсіп, нағыз бүркіттердің өнеріне куә болдым. Құспен қасқыр аулауға болатынын да бүгін білдім.

Ақтық сынға жолдама алған 5 бүркіттің бабы мен бағын сынау үшін екі түрлі шарт қойылды. Шын қыран қасқырға шүйлігуі тиіс. Оны үш бүркітші орындап шықты. Екінші, шарға тарту, яғни қыранның жылдамдығын анықтайтын сын.  Осы байрақты бәсекеде, астаналық Арманбектің «Қара шолақ» атты төрт жасар тастүлегінің бағы жанды.

Арманбек Күнтуғанұлы, жарыс жеңімпазы:

- Өте әділ, тамаша, мынау Атырау еліне алғыс айтамыз. Ұлттық спортқа құсбегілікті бекіткеннен кейін өзінің ережелері бар. Бірінші қолға шақыру, екінші шырғаға тарту үшінші қоянға салу, онан соң шиі бөріге салу.

Атырауда өткен құсбегілер сайысына жүзге тарта қыран құс келді. Алдыңғы сайыста ителгі, қаршығалардан гөрі, бүгінгі қыран бүркіттердің жарысы тартымды да, тартысты болды.

Марат Қойшин, бас төреші:

- Осы жолы құстар бәрі жақсы дайындалған. Күйлері жақсы, бапталған. Баянауылдан келді, Көкшетау, жаңа ашылған Абай мен Ұлтытау облыстарынан келді. 

Атырауда өткен құсбегілердің байрақты бәсекесінен ешкім де жүлдесіз қалған жоқ. Бастысы батыс өңірінде соңғы он жылда өріс алған саятшыққа деген қызығушылық оянды. Айтқандай, бүгін үздік үштікті түйіндеген қырандар келер жылы Астана қаласында өтетін «Көшпенділер» дәстүрлі сайысына жолдама алды.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов