Отандық өндіріс пен IT саласында мамандар қажет

Отандық өндіріс пен IT саласында мамандар қажет. Былтыр 19 мың жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалған.

Сондықтан бұл салалардағы кадрлар шетелден тартылады. Олқылықтың орнын толтыру үшін техникалық мамандықтарға көбірек грант бөліп, инженерлердің беделін арттыру керек, - дейді министрліктегілер.

Отандық жоғарғы оқу орнын тәмамдаған түлектердің 70 проценті мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Алайда дені әкімшілік саласын таңдағандықтан, өндірістің көрігін қыздыратындар аз. Әсіресе инженерлік-техникалық салада тапшылық қатты байқалады.

Графика 1: Ресми статистиканы сөйлетер болсақ, былтыр жұмысы жоқтардың қатарында 238 мың адам болған. Оның дерлік 90% -ін NEET санатындағы жастар, яғни мүлде оқу оқымайтын, еңбекке араласпайтын, кәсіптік білім алуға ұмтылмайтындар құрайды.  

Графика 2: Ал өндіріс саласында маман тапты. Мұнда 19 мыңдай адамның күші жетіспейді. Оның ішінде Айти саласында жұмыс істеймін дегендерге 3 мыңға жуық ұсыныс бар.

Ұлпан Шегенова, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаментінің директоры:

- Өнеркәсіп саласында ия білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл STEM бағытындағы мамандықтар болып табылады. Бұл инженерлер және тағы да басқа техникалық қамтамасыз етуші кадрлар. Қазіргі уақытта жалпы білім беру жүйесінің техникалық бағдарға бұрылуы да жетіспеушіліктің шешу жолдары, амалдары болып табылады. Одан басқа жұмыс берушілер мен оқу орындарының өзара әріптестіктерінің нәтижесінде проектер бар бізде орташа білікті мамандарды даярлау бойынша.

Жас мамандар оқуын бітіріп, жұмысқа тұрғанша кадр тапшылығын шетелдіктердің есебінен өтеуге тура келіп тұр. Жыл сайын Қазақстанға өзге елдерден 15 мың жұмысшы тартылады.

Ұлпан Шегенова, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаментінің директоры:

- Жалпы жыл сайын 15 мыңдай шетелдік жұмыс күші кіргізіледі Қазақстанға. Оның 2,5-3 мыңға жуығы өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Жартысының көбі нақты техникалық мамандықтар, яғни құрылғыларда, сайттарда жұмыс істейтін техникалық мамандар болады.

Бүгінде елімізде 300 шетелдік IT-компания ақпараттық технология саласында қызмет көрсетеді. Ондағылардың жұмысшылары шеттен алдырылатыны бесенеден белгілі. Десе де, 1,5 мың қазақстандық бағдарлаушы сонда еңбек етіп жүр.

Мағжан Мәдиев, «Astana Hub» халықаралық технопаркінің бас директоры:

- Бұл жердегі мәселе басқа. Шетелдік компания жергілікті мамандарды алғысы келмейді емес, жұмысқа тұрғызуға дайын. Бірақ маман жоқ. Сондықтан, мамандарымызды даярлаудың арнайы бағдарламасын аштық. Яғни, олар жұмысқа тұрып, еңбек етіп, кейіннен өз компаниясын ашатындай деңгейге жетсе дейміз.

Бану Нарбекова, Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Әрине, инженерлік мамандықтардың беделін арттыру қажет. Олардың жалақысы жоғары болып. әлеусметтік қолдау көбірек көрсетілсе, онда жастар мамандық таңдағанда ойланар еді. Тұрақты жұмыс пен жоғары жалақы ынталандырар еді.

Кей сарапшының айтуынша, зейнет жасындағы мамандардың орнын басатын жұмысшының табылмау қаупі бар. Мұндайдың алдын алу үшін техникалық мамандықтарға көбірек грант бөлу қарастырылған. Былтыр 27 мың түлек жаратылыстану мамандығын тәмамдады. Оның 9 мыңы IT, ал жеті мыңы инженерлік сала мамандары. Алайда соның өзі нарықтағы кадр тапшылығын жоюға әзір жеткіліксіз болып тұр. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев, Руслан Әлиев