Елімізде іскер әйелдерді қолдау жалғасып жатыр

Елде шағын және орта кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлес салмағы артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын кәсіптегі нәзік жандылардың үлесі 38% болса, бүгінде ол 45%-ке жуықтаған. Іскер әйелдерді қолдау шарасы әрмен қарай да жалғаса береді. Атап айтқанда, былтыр «сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша 66 мыңға жуық кәсіпкерлік жобасы қолдау тапса, оның 6 мыңы әйелдердің үлесінде. Сондай-ақ 2022 жылы 30 мыңнан астам әйелге сервистік қызмет көрсетілген. Алда ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігіне ден қойып, оларды қолдау тетіктері іске қосылады, - деді Ұлттық экономика министрі.    

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Биылдан бастап елде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 20 орталық жұмыс істейді. Онда 7 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Жыл басынан бері аталған орталықтарда 8 мың әйелге кеңес беріліп, көмек көрсетілді. Оның 19%-і – ауылды жердің тұрғындары. Сондай-ақ өткен жылы елдің 4 өңірінде пилоттық тұрғыда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы енгізілген. Биылдан бастап ол ел бойынша жүргізілетін болды.