Қазақстанның Қарулы Күштерінде 7,5 мыңнан астам әйел қызмет етеді

Әскери қызметші десе әдетте қару асынып шекара күзеткен ер азаматтар елестейтіні белгілі.

Бірақ бүгінде Қазақстан Қарулы күштері қатарында 7500 мыңнан аса нәзік жанды бар. Олар өздеріне артылған ауыр міндетті абыроймен атқарып жүр.

Әскердегі аруларды айтқанда жайлы жұмыс, жылы кабинетте жайғасқан қыз-келіншек көз алдымызға келуі мүмкін. Десе де, қарулы күштегі қыздардың осалы жоқ. Ерлермен қатар далалық оқу жаттығуына қатысып, қарудан оқ атады. Автоматты шашып жинау олар үшін күнделікті әдетке айналған. Солардың бірі 85-395 әскери бөлімінің офицері Жанат Паралиева. Ол 20 жыл бұрын Қарулы күштер қатарына қосылған. Осы уақыт ішінде сан мыңдаған сарбазға психологиялық көмек көрсетті.

Жанат Паралиева, 85/395 әскери бөлімінің офицер психологы:

- Бұл әскери салаға менің келу себебім өзімнің жас кездегі бала кездегі арманым болды. Атамның қуған жолы болды. Одан кейін осы мен жеке жанұямды отбасымды, әскери қызметке келіп өзімнің жолдасымды тауып көпбалалы ана атандым. Мен үшін әскери қызметтің рөлі өте жоғары.

Ауыр саланың темірдей тәртібіне көніп, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген қаракөздер қаншама. Мәселен, елімізде 20 әйел полковник шеніне дейін жеткен.  Осы саладағы басшылық қызметте жүрген нәзік жандының бірі - Эльмира Жұмашева. Өмірінің 26 жылын әскерге арнаған ол - бүгінде Оңтүстік Өңірлік қолбасшылығының аға офицері. 

Эльмира Жұмашева, оңтүстік өңірлік әскерлер қолбасшылығы тәрбие және идеологиялық басқармасының аға офицері:

- Әскери әйелдер ер азаматтармен бірге сап түзеп келе, олардан қалыспайды. Арасында үздік спортшыларымыз бар. Үздік мергендеріміз бар. Халықаралық «Арми» ойындарына қатысқан үздік әскери қызметкер әйелдер де бар. Оқу жаттығу барысында таулы дайындықта ату жаттығуларында да ер азаматтардан асып түскен қыздар бар әрине.

Әскердегі қыз-келіншектерге құрмет зор. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Таразда мерекелік кездесу өтті. Колледж студенттерімен басқосуда әскерилер қызметтегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Жиында салада жемісті еңбек еткен арулар марапатталды. Одан кейін әскери бөлімде әйел арасында жарыс басталды.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә